Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы маңындағы Бесағаш ауылында орталық көшелер қараусыз қалған

  • AstanaTV
  • 19 маусым 2015
  • 1176

Алматыдан небәрі 5 шақырым қашықтықта орналасқан Бесағаш ауылында орталық көшелер мүлде жөндеу көрмеген. Көлік жолдарын жарықтандыру мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салу ісі қолға алынбай, бұл сала он үш жылдан бері қараусыз қалған. Тұрғындардың жанайқайы облыстық мәслихатқа дейін жетті. Алайда бұл аумақтағы жолдарды жөндеуге әлі күнге дейін қаражат қарастырылмаған.

Халықтың тығыз орналасуына байланысты, көшемен қатынайтын көлік нөпірі де көбейіп отыр. Тұрғындар: «Күндіз шаң көтеріледі, ал жауынды күндері сарқырап аққан судан аяқ алып жүре алмаймыз», - дейді. Жол бойында арықтардың жоқтығы - тұрғын үйлерге де сел қаупін туғызып отыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл мәселеден хабардар екенін айтты. Тек «қол қысқа» деп, қысқа қайырды. 

Дәреже Хасенова, Бесағаш ауылының тұрғыны:

Тротуар, жарық және жол жасаймыз деп, жылда уәде береді. 2002 жылдан бері біз шағымданып келеміз. Былтыр аудан әкіміне бардық. Сонда ол осы сәуір айында жолды бастаймыз деп айтқан еді. Енді барсақ, бізді 2017 жылға жылжытып тастаған. Мұнда тұру мүмкін емес.

Мұхит Әлібеков, Алматы облысы Бесағаш ауылдық округінің әкімі:

Жал басында біз аудан мәслихаты мен басшыларын осы сұрақ бойынша мәселені қойғанбыз. Былтырдан бері жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, 106 миллионға осы май айындағы мәслихат отырысына күн тәртібіне өткізгенбіз. Бірақ қаралмады. Ендігі үмітіміз келесі мәслихат отырысында. Егер мемлекет қаражат бөлсе, жұмысты бастауға дайынбыз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ