Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Байқоңырда «Бәйтерек» кешенін құру туралы Ресеймен арадағы келісім хаттамасын ратификациялады

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2015
  • 1218

Қазақстан Байқоңырда «Бәйтерек» кешенін құру туралы Ресеймен арадағы келісім хаттамасын ратификациялады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру келісіміне өзгерістер енгізу хаттамасын ратификациялау туралы»  Заңға қол қойды,- деп ақпар таратты Ақорданың баспасөз қызметі. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Байқоңыр ғарыш айлағында  «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенінің құрылысы 2021 жылға жоспарланған. Оны «Ангара» зымыран тасығышының негізінде жүзеге асыру туралы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында тиісті келісім жасалды. Осы маусым басында екі ел делегациясы Байқоңырда бас қосып ғарыш кешенінің болашағын талқылады. Айта кетейік, «Бәйтерек» біріккен жобасы 2005 жылы әзірленді. Осы күнге дейін жобаны іске асыруда бірқатар қиындықтар туындады. Мәселен, әуелгіде жобаны «Зенит» Ресей-Украин зымыран-тасығышы негізінде құрастыру жоспарланған. Бірақ Украина дағдарысына байланысты тараптар «Ангара» зымыранына тоқтады. «Қазғарыш» басшысы Талғат Мұсабаев жобаның құны бастапқыда 223 млн долларға бағаланғанымен, кешенді құрастыру барысында бұл сома 2 млрд долларға жеткенін де мәлімдегені есте.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА