Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада жалақы ала алмай жүрген құрылысшылар дау шығарды

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2015
  • 1366

Астанада Бас прокуратура қызметкерлеріне арналған баспана құрылысына қатысты дау шықты. Тұрғын үйді салып жатқан ондаған жұмысшы 6 ай бойы еңбекақы алмағандарын айтып, арнамызға шағымданды. Елорданың сол жағалауындағы көпқабатты үйді салуға «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамы тапсырыс берген екен. Десек те, жұмысшылар тапсырыс беруші ұлттық компания болса да, қарапайым құрылысшылар неліктен адал ақшаларын ала алмай жүргендерін білмей дал. Оқиға орнында тілшіміз Берік Хасенов болды.

Елорданың сол жағалауы. Мынау Бас прокуратура қызметкерлеріне арналған баспана. 5 кіреберіс, 171 пәтер. Осы күні құрылыстың 95 пайызы аяқталған. Әр қабатта 1 және 4 бөлмелі пәтерлердің барлығы дерлік дайын. «Құрылысты осы жағдайға жеткізу үшін, күні-түні аянбай еңбек еттік.  Бірақ маңдай термен тапқан жалақымызды мердігер бермей отыр», - дейді  құрылысшылар.

Мерген Төңкер, құрылысшы:

Бір тал «Роллтон», бір 5 литрлік су ала алмай қалған күндеріміз болды. Адамдар аш қалып, обедсіз жұмыс істеген күндер болды. Таң атқанша, жұмыс істеп, ертең ақша болады деп, ертең болады деп, міне алты ай жұмыс істеді халық.

Менсұлу Жұқышова, құрылысшы:

Біз Жаңа жылдан бастап ақша алған жоқпыз. Бір 10 мың, 15 мың аламыз, солай жүреміз. Сол барлығы тамақтан аспайды. Не пәтерімізге жетпейді. Біз 500 мыңдай мына жердегі магазинге қарызбыз. Осы жерден барып барлық жұмысшылар алып жатырмыз. Енді не істейміз - бәрі аш.

Жарты жыл жалақысыз жүрген жұмысшыларды жалдамалы пәтерлерінен де қуып шығыпты. Айтуларынша, осы күндері құрылыс алаңындағы бөлмелерді паналауға мәжбүр. Ал тұрғын үйге тапсырыс беруші «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының» өкілдері құрылысқа қажетті қаржыны баяғыда бас мердігерге бергендерін мәлімдеді. «Жұмысшылардың еңбекақысы бойынша дауға қатысымыз жоқ», - дейді тапсырушы тарап.

Сүндет Смағұлов,  «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ техникалық бақылау департаментінің директоры:

Жетпей қалғаны - бұның істеп отырғаны, жаңағы өзінің ішіндегі саясаты. Түсіндіріп отырғаны - кезіндегі мына жасаған ценовой скидкасы 315 миллион теңгеге скидка жасады, сол стройкаға жетпей жатыр. Сосын басында ол өзі көп ақшаны ұстап жіберген. Қазіргі таңда маусымның 10 күні бұл кісінің қолына уведомление бердік, шарт бойынша 15 күн ол тұруы керек. 25 маусым күні хабарламаның мерзімі шығады. Егер ешқандай өзгеріс болмаса, біз сот арқылы шешеміз.

Бас мердігер «Номад Строй ЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктес басшысы барлық жауапкершілікті мойнына алып отыр. Сондықтан бүгін кешке дейін барлығына алты айлық жалақыларын беруге уәде берді.

Александр Логвинов,  «Номад строй ЭК» ЖШС директоры:

100 процентов сегодня до 5 часов я буду здесь, пока зарплату не принесут.

Материал эфирге даярланып жатқан сәтте бас мердігер компанияның басшысы өзі арнамызға хабарласып, 4 бригадаға бір жарым миллион теңге көлемінде айлық бүгін төленгенін хабарлады. Бұған қоса, жұмысшылардың қалған қарызы - 10 миллион теңгені - келер аптада төлейтінін мәлімдеді.

Берік ХАСЕНОВ