Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана ЭКСПО 2017» компаниясы айналасындағы коррупциялық жанжал халықаралық көрменің имиджіне нұқсан келтірді

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2015
  • 1213

«Астана ЭКСПО 2017» Ұлттық компаниясы төңірегіндегі коррупциялық жанжал халықаралық көрме имиджіне әсер етпей қоймады. Бұл туралы компанияның басқарушы директоры Салтанат Рахымбекова мәлімдеді.

Салтанат Рахымбекова, «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясының басқарушы директоры:

Сөзсіз, орын алған жәйттер із қалдырды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, сондықтан сот кінә көлемін анықтар. Нақты шешім болады. Имиджге тиген кері әсер жайында айтуға асықпайықшы, әрине, әсер етпеді деуге болмайды. Бүгін жобаға сіздердің - көптің - сенімі қажет.

Ал ақпарат құралдарында «ЭКСПО ісіне» қатысты жаңа деректер жарияланып жатыр. Мәселен, көрме өтетін аумақты қоршау үшін, яғни жәй дуал көтеруге, мердігер компания шотына 724 млн теңге немесе 4 млн долларға жуық қаржы аударылған деген дерек келтіріп жатқандар бар. Оның бір бөлігі шоттан шешілген де екен. «Радиоточка» порталында жазылған мақалада автор, мемлекеттік тендер түрінде өткен лоттың құны негізсіз көтермеленгендігі және мердігердің жеңіске жетуіне компанияның бұрынғы департамент басшысы Қажымұрат Үсеновтің қатысы болғандығы жайында, жазады. Ақпарат беттерінде сондай-ақ көрмеге Бельгияның қатыспайтындығы туралы жазылуда. Бұндай шешімді ел үкіметі өткен аптада қабылдапты.

Айта кетейік, ЭКСПО көрмесін өткізуге үміттілер қатарынан бельгиялық Льеж қаласы Астананың басты бәсекелесі саналған еді. Алайда дауысқа салу барысында Қазақстан астанасы басымдыққа ие болды.

Еске салсақ, «Астана ЭКСПО 2017» компаниясының экс-төрағасы Талғат Ермегияев үй қамаққа алынып,  департамент директоры Үсенов пен компанияның басқарушы директоры Баркинхоев қамауда отыр. Оларға мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылуда.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ