Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулық полицейлер династиясы кәсіби мерекелерін атап өтті

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2015
  • 2935

Қазақстан  полициясы күні атыраулық Қазихановтар үшін отбасылық мерекеге айналған. Өйткені отағасы полиция полковнигі Ғалымжан Қазиханов - Ішкі істер органының ардагері, ал одан тараған 4 ұл мен қыз да әке жолын қуып, осы салада  қызмет атқаруда. Бірі - қоғамдық қауіпсіздікті қадағаласа, бірі қылмыстық атқару жүйесінде сотталушылардың тәртібін бақылайды. Полицейлер династиясының ұстанымы -  темірдей тәртіп және өз елінің патриоты болу. Сонда ғана қиындығы мен қатері мол саладағы тынымсыз еңбек жемісін бермек. Атыраудағы әріптесім Қазихановтар отбасын кәсіби мерекелерімен құттықтап қайтты.

Жасы жетпіске таяған полиция полковнигі Ғалымжан Қазиханов әлі аттан түскен жоқ. Білігі мен тәжірибесі мол ардагер зейнетке шыққанымен, жастардан қалмай, күнде жұмысқа келеді. Ол бүгінде Ішкі істер департаменті бастығының кеңесшісі әрі  Ішкі істер органдары Ардагерлер кеңесінің төрағасы. Мереке қарсаңында құрметті демалыста жүрген замандастарын құттықтады.

Ғалымжан Қазиханов құқық қорғау саласының барлық сатысынан өткен. 22 жасында қазақ полициясы сапына қосылған ол кейін Мәскеуден ІІМ академиясын бітірді. Қоғамдық тәртіп, күзет басқармаларында жұмыс істеді. Аймақтағы екі ауданның ішкі істер бөлімдерін, сосын полицей мамандар дайындайтын училищені басқарды. Күрделі саланың қиындығы мол болғанын жасырмайды. Кейде қызметте құлдыраған сәттер де болған. Бірақ мүжілмей, табанды еңбегін жалғастырғанын айтады. Полковник, тәуелсіз ел полицейлері жан-жақты мықты болу керек, деп есептейді.

Ғалымжан Қазиханов, Атырау облысы ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Біздің заманымызда наркотик, терроризм деген мәселелер көп көтерілген жоқ. Бүгінгі күні үлкен басты мәселе болып отыр. Сондықтан жұмыс қазіргі мезгілде өте жауапты, ауқымды. Қазіргі жастардың істеп жатқан жұмысы үлкен білімділікті, терең теория мен практиканы ұштастырып жұмыс жасауды талап етеді.

Ғалымжан ағаның қос ұлымен бірге қос қызы да ішкі істер органдарында жұмыс істейді. Бүгінде Сәкен - УГ 157/1 тергеу изоляторында қадағалау бөлімінің маманы. Сотталушылардың тәртібін, оларға тиым салынған заттардың жетпеуін қадағалайды. Екінші ұлы Сайполла - №2 қалалық полиция бөлімшесінде бөлім бастығы, полиция майоры. Ал қыздары Ақмарал мен  Жанар да ішкі істер департаментінде, екеуі де  подполковник шенінде. 

Жанар Қалиева, Атырау облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бас маманы:

Біздің қызмет қауіпті, сотталушылармен жұмыс жасайтын болғандықтан, әр күн сайын өмірімізге қауіп төнетініні жасырын емес. Сондықтан жұмыста жауапты болуымыз керек. Бұл орайда әкемізді үлгі тұтамыз. Өйткені бала кезімізден қатаң тәртіпке, жауапкершілікке үйретіп тастаған. Сондықтан күнделікті қызметімде әкеміздің тәлімін басшылыққа аламын.

Ризабек Дәулетов, Атырау облысы қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:

Ғалымжан Қазиханұлын жұмыс бабымен танимыз. Құқық қорғау саласындағы тәжірибесін жастарға беруде. Балаларының қай-қайсысы да үлкен азамат.  

Бүгін - Қазихановтар үшін отбасылық мереке. Әке шаңырағының кең дастарханына ұл-қыздары түгел жиналып, ортақ кәсіби мерекені атап өтеді. Бұл жыл сайынғы дәстүрге айналған. Полицей отбасы өз арасында "отанасы әулеттің полицейі" деп әзілдейді. Өйткені, ері мен ұл-қыздары кірпік ілмей қызметте жүргенде, отбасының тыныштығы ананың мойнында. Ал 40 жыл саналы ғұмырын құқық қорғау саласына берген Ғалымжан аға қызметім - өмірім дегенді пір тұтады. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ