Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның экспорты мен импортының көлемі төмендеп жатыр

  • AstanaTV
  • 24 маусым 2015
  • 2253

Еліміздің экспорты мен импорты көлемі төмендеп жатыр. Үстіміздегі жылдың алғашқы төрт айындағы көрсеткішке қарасақ, экспорт 46 пайызға, ал импорт көлемі 17 пайызға азайып кетті. Бұл туралы «Kaznex invest» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Импорт және экспорт көрсеткештерінің азаюына өсімі баяулап жатқан әлемдік экономиканың әсері бар. «Әсіресе жаһандық нарықтағы мұнай мен өзге де шикізат бағасының төмендеуі ықпалын тигізбей қоймайды», - дейді Майкеев. Оның айтуынша, жағдайға тежеліп тұрған Қытай экономикасы мен Ресей рублінің құнсыздануы да салқынын тигізіп отыр. Соңғы төрт айдағы көрсеткішке қарасақ, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 18 пайызға төмендеген. «Дегенмен шетелдіктер тарапынан отандық тауарларға деген қызығушылық өте жоғары», - дейді компания өкілдері. 

Сәбит Нарбаев, «Kaznex invest» АҚ Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры:

Тауарлық құрылымды алатын болсақ, Еуропаға, Қытайға негізінен шикізаттық немесе жартылай өңделген индустриялдық тауарларды шығарып отырмыз. Ал дайын тауарлар негізінен жақын шетелге шығарылып отыр. Тамақ өнеркәсібіне қатысты тауарлар, сосын машина жасау өнеркәсібі, яғни олар аккумулятор, трансформатор, подшипник т.б. тауарлар, сосын құрылыс материалдары. Және де фармацевтика, химия саласының тауарлары бүгінде экспортқа шығарылып отыр. 

Сонымен Қазақстан экспорттаушы елдер арасында 43-ші орында. Отандық тауар 117 елге шығады. Майкеновтің айтуынша, қазір ұлттық валюта бағамына өзгерістер енгізсек те, ол жағдайды жеңілдете алмайды. Әсіресе Дүниежүзілік сауда ұйымына енгелі тұрғанда, отандық кәсіпкерлікті қолдай түсу керек. Өйткені қатаң бәсекелістік туады деген ойда «Kaznex invest» басқарма төрағасының орынбасары. 

Мейіржан Майкенов, «Kaznex invest» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

ДСҰ - заманауи сауда үлгісі. Сауда инвестициясы үшін жаңаша мүмкіндіктер. ДСҰ енгеннен бірінші кезекте тұтынушы олжалы болады. Өйткені шетелдік импорт тауарлардың үлкен көлемі келеді. Ал отандық тауар өндірушілер үшін бұл үлкен бәсекелестік. Яғни бізге ДСҰ құрамында болып, өз мүмкіндіктерімізді кеңейте түсу керек.

Айгүл ӘДЕПБАЙ