Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда «Бәйтерек» бала-бақшасы су астында қалды

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2015
  • 1571

Тараздағы «Бәйтерек» бала-бақшасы су астында қалды. Мектепке дейінгі мекеме шахардағы 13-ші мөлтек ауданда алты қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Үйдің төбесінен жауын суын ағызатын құбыр - қатты нөсер кезінде суды өткізіп үлгермесе керек. Суағардан жырылып аққан су балабақшаға қарай лап берген. Оқыс оқиға кешкісін, балалар үйлеріне тарап кеткен уақытта болды. 75 балаға арналған бақша сәбилерге 2 жыл бұрын есігін айқара ашқан еді.

Ардақ Жұмабекова, Тараз қаласындағы №37 балабақша меңгерушісі:

Ыңғай болмайды, бұлай. Осы міне қатты жаңбыр жауғанда болған ғой. Мынау бүгіндікке бірінші рет болып тұр. Тұрғын үйдің мамандары жөндеп кетті қазір. Неден дейді сонда? Жауынның суы мына шахтаның арасынан кетіп отыр дейді. - Бірақ, әлі ағып тұр ғой қалай жөндеп кетті?

Қазір балабақшаның би залы, асханасы, әдістеме және есеп-қисап бөлмелері су астында қалған. Ал, Тараз қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары болса, бұл жағдайды болмашы нәрсе деп санайды. Олар болған жайтқа жаңбырдың мөлшерден көп жаууы себеп деп ақталды.

Уалихан Байдуанов, Тараз қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

Жауын мөлшерінің көп түсуіне байланысты сол аталған құбырдан ағып үлгермей, бала-бақшаның жер төлесіне аққан. Сол жердегі жер төледегі құбырды зақымдаған. Қазіргі таңда аталған құбыр ретке келтіріліп, бала-бақша қалыпты жағдайда жұмыс  істеуде. Ешқандай, еш ғимаратқа зиян келтірілген жоқ.

Данияр ӘЛІМҚҰЛОВ