Русский Сайттың толық нұсқасы

Аслан Сәрінжіпов Азат Перуашев туралы ойын өзгертпек емес

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2015
  • 1174

Жаңа оқу жылын Байқоңыр қаласындағы бірнеше мектеп қазақ гимнімен бастайды. Алты мектеп пен бір балабақша Ресей оқу бағдарламасынан құтылып, қазақ елінің білім беру стандарттарына көшіріледі. Бұл туралы Сенатқа тиісті заң жобасын ратификациялау мәселесімен келген Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов айтты.

Министрде бар ақпарға сүйенсек, Байқоңырда 14 мектеп бар. Бірақ жартысы орыс тілді болғандықтан және ол жерде Ресей азаматтарының балалары оқығандықтан, олар білім беру бағдарламаларын Ресей стандарттарымен жалғастырады. Ал қазақ мектептері республикалық бюджеттен қаржыландырылмақ. Осы мақсатта алдағы үш жылға 4 млрд теңге қарастырылғанын айтты министр. 

Аслан Сәрінжіпов,  ҚР Білім және ғылым министрі:

2006 жылдың аяғында Ресейде сондай заң қабылданған. Мысалы, қаржыландырылатын мектептер толық ресейлік стандартпен жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан сол мектептер Ресей стандартына көшті. Сол жеті жылдың ішінде біз жұмыс істедік. Бірақ тек өткен жылда ресейлік министрлікпен, әріптестерімізбен Ливановпен келісіп, осы келісімге қол қойдық.

Аслан Сәрінжіпов сонымен қатар депутат Азат Перуашев пен арадағы кикілжің туралы да түсініктеме берді. Бас ұстаздың депутаттан кешірім сұрайтын ойы да жоқ. «Ақ жол» фракциясының жетекшісіне қатысты өз пікірінде қалатынын айтты. 

Аслан Сәрінжіпов,  ҚР Білім және ғылым министрі:

Бұл сұрақ құқықтық сипат алғандықтан, мен оған қатысты мәлімдеме жасамауға құқым бар. Құзырлы органдар анықтайды. Бірақ мен өз ойымда қалдым. Барлық айтқандарымды нақтылап бердім. Өз ойымда қаламын. - Сіз Перуашевтен кешірім сұрауға дайынсыз ба? - Могу не комментировать, рахмет.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен бас ұстаздың арасындағы кикілжің мамыр соңында басталды. Жоғары оқу орындары биылдан бастап тәуелсіз аккредитациялаудан өтуі тиіс болатын. Бірақ Білім министрлігі осы ережеге қатысты заңға өзгеріс енгізуді сұрады. Мұны сынға алған Азат Перуашев заңды өзгерткенше, министрді отставкаға жіберу керек деп салды. Алайда Аслан Сәрінжіпов көп күттірмей жауап қатты. Депутатты жоғарғы оқу орындарының "шашбауын көтерген" лоббист деп айыптады. Қазір аталмыш дау құқық қорғау органдарына жетіп, сот алдындағы тергеу амалдары жүріп жатыр.