Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысының Баймырза ауылының мешіті жарты жылдан бері жарықсыз отыр

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2015
  • 3400

Қарағанды облысының Баймырза ауылының мешіті жарты жылдан бері жарықсыз отыр. Жаратушыға сенімі нық халық қараңғы ғимаратта намаз оқып, дұға тілеуге мәжбүр. Мәселені шешу жергілікті имамның қолынан келмеген. Дегенмен азғантай мұсылманның мұқтаждығын тіпті Қасиетті Рамазан айында да елеп, ескермей отырған биліктің әрекетін түсіне алмайды. 

Ауыл халқы Қасиетті Ораза айында мешітте оқылатын тарауық намазын тас қараңғыда өтейді. Ескі білте шам Алла үйіндегі құлшылық залына сығырайтып қана жарық түсіріп тұр. Мешіт ескі, әрі жұпыны. Алайда, халықтың жанына бәрінен де қараңғылық батып барады. Мешіттің мынадай жағдайынан кейін мұнда келушілер де сирей бастаған.

Сұлтаншәріп Қалдыхан, Қарағанды облысы Баймырза ауылының тұрғыны:

Қасиетті Ораза айында осында жиылған кезде іші толып кетіп еді. Қазір светтің жоғынан кейбіреуі келіп, кейбіреуі келе алмайды. Мынандай болғанда, әуелі ақырындап діннің де бет-беделі түсейін деп бара жатыр.

Мінісхан Қоғымбайұлы, Қарағанды облысы Баймырза ауылының тұрғыны:

Азан деген бұрын далаға дейін естіліп тұратын. Жарықтың жоқтығынан Азан да жоғалып кетті. Қараңғыда кім мұнда кеп азан шақырады.

Мешіттегі электр қуатын « Қарағанды жарық» коммуналдық кәсіпорны электрді пайдалануға қажетті құжаттар толық емес деген желеумен, жарты жыл бұрын қиып кеткен. Артынша жергілікті имам діни мекеменің барлық ресми қағаздарын жинап тапсырғанын айтады. Әйткенмен, мәселе әлі күнге дейін шешілмеген.

Айжан Қуаш, тілші:

Баймырза ауылындағы тас қараңғы жалғыз ғимарат, ол - мына мешіт. Тіпті, одан бес-ақ аттам жердегі діңгектің басында да шам жарқырап тұр. Тек осы электр қуатын діни мекемеге тартаны адам жоқ.

Ары-бері сандалып шаршаған ауыл имамы шарасыздықтан биліктің көмегіне жүгінген. Бірақ нәтиже болмапты.

Әділмұрат Молдахмет, Қарағанды облысы Баймырза ауылы мешітінің имамы:

Мына шам жағып, Құранды оқып отырмыз. 30 күн тарауықты осымен өткізіп жатырмыз. Аудан әкімі барып, ол кісінің қабылдауында болдым. Ремонтын жасатып, светін қостырам «аманат» деп шығарып салып еді. Қуанып ем. Ауыл әкіміне звондады. Ол біліп отыр. Ауыл әкімі орындай алмады.

Мәселені ауыл әкімінің алдына көлденең қойдық. Әкім мешіттен басқа шаруалары да шаш етектен екенін айтып отыр.

Мұрат Бұланбаев,  Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Баймырза селолық округінің әкімі:

Енді менде басқа жұмыс жоқ па, соны істеп!? Менде детский сад, амбулатория салып жатырмыз. Жұмыстар бастан асады. Кішкентай мешітке ие болу керек қой.

Осылайша, әкім мешіт имамның меншігі емес, халыққа ортақ рухани орын екенін мойындағысы келмеді. Дегенмен, проблеманы қадағалауға алатынын айтты. Ал, адамнан күдерін үзген ауыл мұсылмандары жарықты Ораза айында Алладан ғана тілеп отыр.

Айжан ҚУАШ