Русский Сайттың толық нұсқасы

Астананың байкерлері наразылық білдіріп көшеге шықты

  • AstanaTV
  • 26 маусым 2015
  • 1165

Бүгін Астанада байкерлер мезгілсіз уақытта көшеге шықты. Олар мотоциклдің қозғалысын шектейтін белгілердің қойылуына қарсы. Айтуларынша, көліктің осы түрінің жүрісіне тыйым салатын белгі Астананың екі көшесіне қойылған. Алайда мотоцикл жүргізушілері олардың саны Алматы мен Қарағандыдағыдай көбейіп кете ме деп алаңдаулы.

Бауыржан Ержанов:

Поселок Тельман аэропорт жаққа қарайғы жол. Еңбекшілер деген көше. Сол жерде, 5 км артық көше бар, сол жерде мотокөлікке тыйым қойды. Сосын мына жерде Желтоқсан көшесінде. Мүмкін тағы да қойып тастай ма. Республика, Сарыарқа көшелеріне. Біз көбіне жұмысқа мотоциклмен барамыз. Өйткені пробкаға қалмайсың.

Алайда жиналған топқа жеткен полиция, алаңдуға негіз жоқ деп басу айтты. Мотокөліктің қозғалысын бөгейтін қосымша белгілер әзір қойылмайтынын түсіндірді. Қайта байкерлерді бүгін рұқсатсыз жиналғандары үшін айыптады.

Елжан Шөпеков, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Бұлар бекер даурықты. Олардың қозғалысын шектейтін ойымыз жоқ. Өйткені бұған дейін жол жүру ережесіне және қозғалыс қауіпсіздігі туралы заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді. Мына жерге заңсыз жиналды. Бірақ нақты талаптарын қойған жоқ. Сондықтан прокуратурамен бірлесе, шешім қабылдаймыз.

Тәртіп сақшылары мотокөліктің қозғалысын шектейтін екі белгінің орынды қойылғанын айтады. Өйткені күн жылынған үш айдан бері мотоциклдің қатысумен екі жол көлік оқиғасы тіркелген. Екеуінде де адам шығыны болды. Және екі жағдайда да апат, полиция дерегінше, мотокөлік тізгіндеушінің кінәсінан болған. Ал жүріп-тұруға қатысты байкерлер қала әкімінен араша сұрамақ. Мотоциклдер үшін көшедегі қозғалысты шектемеуді өтініп, Әділбек Жақсыбековтың атына хат жолдамақ.

Айгүл ӘДЕПБАЙ