Русский Сайттың толық нұсқасы

Ет экспортының жоспарын орындамаған облыс әкімдіктері жауапқа тартылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 26 маусым 2015
  • 1553

Ет экспортының жоспарын орындамаған облыс әкімдіктері жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы Ауыл шаруашылық министрлігінің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов мәлімдеді. Қазақстан сырт елге сиыр етін экспортауды жалғастыра бермек. Биыл құзырлы министрлік экспортқа 11 мың тонна етті шығаруды көздеп отыр. Үстіміздегі жылдың бес айында экспортталған еттің барлық түрі - 4,4 мың тоннаны құраған. Десек те ресейлік рублдің құлдырауы отандық өндірушілерге қол байлау болып отырса керек. Соның салдарынан 2014 жылы 9 мың тонна сиыр етінің орнына тек 6 мың тонна ет экспортталған. Ауыл шаруашылық министрлігі Үкіметке сұрау жасаудың арқасында биыл Ұлттық қордан 11 млрд-тан астам теңге Ауылшаруашылық тауар өндірушілерін субсидиялауға қосымша берілетін болған. Қазіргі күні субсидияларды төлеу жұмыстары басталып кеткен. Бірақ, ет экспортының жоспарын орындау бойынша баяу жұмыс істеп жатқан аймақтар да анықталған. Олардың қатарында Қарағанды, Ақмола және Алматы облыстары. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов жоспарды орындамаған облыс әкімдіктері жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтты.

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры:

Біз әр квартал қорытындысы бойынша үкіметтің қарауына тиісті ақпарат ұсынамыз. Ал, алты ай сайын Үкімет басшынының қатысуымен жиын өткіземіз. Сол кезде ел бойынша ет экспортына қатысты бағдарламаның, жоспардың орындалуы жайында баяндама жасаймыз. Сәйкесінше, кездескен кедергілер мен кеткен кемшіліктерді Үкімет басшысына таныстырып, жоспарды орындамаған мамандар мен тиісті аймақ әкімдіктерін жауапқа тарту туралы ұсыныс енгіземіз.

Берік ХАСЕНОВ