Русский Сайттың толық нұсқасы

Б. Байбектің қатысуымен кәсіпкерлікті дамыту жиыны

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2015
  • 1663

Отандық бизнес - Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымында барынша бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Бұл үшін жеке меншікке қол сұқпай, бизнеске қолайлы инвестициялық ахуал құрып, өңірлердегі кәсіпкерліктің дамуын, инновация мен экспортты ынталандыру қажет. Бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы барысында партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осылай деді. Айтуынша, Экономикалық одақ пен сауда ұйымы интеграциялық бірлестіктеріне кіру отандық бизнес жағдайын түбегейлі өзгерткен. «Бірігудің арқасында қазақстандық кәсіпкерлерге Еуразиялық одақтың 170 миллиондық нарығы, ал бүгінгі күні дүниежүзілік сауда ұйымына мүше 160 елдің нарығы ашылды. Бәсекелестіктің күшеюі отандық бизнеске ауартпашылық тудыруы мүмкін. Осы орайда бизнес қабілеттігін арттыру бойынша жұмыс жоспарын әзірлеуіміз керек» - дейді Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа, Дүниежүзілік сауда ұйымына қадам басқан бүгінгідей тарихи кезеңде, яғни, отандық бизнестің алдынан жаңа нарық ашылған тұста Елбасы алға қойған ұлы мақсаттарға жетелейтін халықтық 5 реформаны, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға кәсіпкерлерді, барша қоғамды жұмылдыру үшін Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесті құрып отырмыз.

«Нұр Отан» партиясы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тығыз ынтымақтастық негізінде қызмет атқарып келеді. Олар Кәсіпкерлікті қолдау туралы меморандум да жасасқан. Сондай-ақ, партия мен палата арасында бірқатар жобалар іске асырылуда. Оның ішінде «Мықты бизнес - Қуатты мемлекет» жобасын атап өтуге болады.

Рахым Ошақбаев, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары:

Қазақстанда бизнес жүргізу үшін ең қолайлы жағдайлар жасалған. Бұл бағыттағы институционалды реформалар да тиімді жүргізілуде. Біздің жаңадан құрылып отырған кеңес ең алдымен елдегі бизнестің макроэкономикалық жағдайына баса назар аудару қажет. Партиямен бірлесе қызметтесу арқылы Еуразиялық экономикалық одақ пен дүниежүзілік сауда ұйымында бәсекеге қабілетті бизнес жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Экономиканы диверсификациялау, кәсіпкерлік инфрақұрылымды дамыту істері қолға алыну тиіс. Құрылып отырған кеңес отандық бизнесті дамыту бойынша осы және өзге де жоспарларды әзірлемек.

Шалатай Мырзахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Респубикалық кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары:

Бес институционалды реформаны орындау жөнінде жүз қадам нақты тапсырма берілсе, соның елу қадамы, яғни елу бөлігі осы экономиканы көтеруге арналған. Бұл деген не, бұл деген сөз біз қалай болғанда да, елдің экономикасын көтеруге, оның ішінде кәсіпкерлердің жұмысын алға дамытуға қол ұшын беруіміз қажет. Сондықтан мынау бүгінгі кеңес құрылып отырған, өте бір дер кезінде, өмірге керекті дәл сәтінде құрылып отыр деп есептеймін.

Айта кетерелігі, Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес бұдан бұрын «шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау» сарапшылар тобы деп аталған. Жалпы партия жанында депутаттардың, Мәжілістегі фракция мүшелерінің басшылығымен әрекет ететін үш республикалық қоғамдық кеңес бар. Олар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес, құқықтық мәселелерді шешуге бағытталған құқықтық кеңес және мәдениет пен өнерді дамыту мәселелер жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесі. Партиялықтардың айтуынша, кәсіпкерлерді қолдау кеңесі қызметін құру ісі республикамыздың барлық аймақтарында жүргізіледі.

Жұрағат БАМАН