Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне арналған баспасөз маслихаты өтті

  • AstanaTV
  • 03 шілде 2015
  • 1155

4-ші шілде күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» 5-ші республикалық турнирінің ақтық кездесулері өтеді. Жыл сайын өтетін дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірінен іріктелген 33 балуан қатысып, бас жүлдені сарапқа салады. Олардың ішінде дәл осы жарыста топ жарған чемпиондар да бар. Астанада өткен арнайы баспасөз маслихатында әртүрі сұрақтар талқыланды. Соның ішінде биылғы жарысқа қатысатын өзге ұлт өкілдерінің жеңіске жету мүмкіндігі қаншалықты деген сұраққа жарыс ұйымдастырушылары былай деп жауап берді.

Арман Шораев, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы:

Жалпы мен ойлаймын тек қана қазақ баласының маңдайына жазылған атақ емес, Қазақстан Барысы, бізде Максим Гербер деген жігіт бар, басқа ұлттың өкілдері жоқ емес бар. Бізде осы бес жылдың ішінде орыстар да болды, немістер де болды, украиндар да болды, грузиндер де болды, атақты Георгий Цурцумия да болды деген сияқты. Сондықтан Максим де жеңіп жатса, мен қарсы емеспін. Мен қуанамын. Өйткені мен ойлаймын шынымен біздің дода халықты біріктіретін дода.

Аталған жарыс «Нұр Отан» партиясының тікелей қолдауымен өтіп келеді.

Құмар Ақсақалов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Нұр Отан партиясы 2011-ші жылдан бері Қазақстан Барысы атты республикалық турнирге жыл сайын қолдау көрсетеді. Қолдау ең біріншіден ұйымдастыру, ақпараттандыру және насихаттау жағынан жасалынады. Біздің негізгі мақсаттарымыз-спортқа балаларды көбірек тарту, ұлттық спорт арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру.

Өткен жылдармен салыстырғанда жобаның қаржыландырылуы екі есеге кеміді. Биылғы турнирдің жүлде қоры 225 мың АҚШ долларын құрады. Бірақ, бұл жәйт жеңімпаз бен жүлдегерлерге берілетін қаражатқа кері әсерін тигізген жоқ. Чемпион атанған спортшы 150 мың АҚШ долларын иеленетін болса, екінші орынға 30 мың, ал қола жүлдегер 10 мың АҚШ долларын қалтасына басады. Сондай-ақ, жүлдегер атанған спортшылардың бапкерлері де ақшалай сыйлық алады.

Самат ҚАНАҒАТОВ