Маңғыстау облысында "Теңізден теңізге" атты туристік жоба өз мәресіне жетті. Қазақстан мен Ресей блогерлері, Еуропаның фототілшілері мен журналистері екі аптаға жуық Маңғыстау өлкесімен етене танысты.
"Теңізден теңізге" жобасы арқылы экспедиция мүшелері Арал мен Каспий арасындағы кең байтақ жерді зерттеп, археологиялық ескерткіштермен танысты. Халықаралық топтың саяхаты 12 күнге созылды. Жоба қатысушылары киелі өлкені ерекше қызығушылықпен араладық, дейді.
Константин Киквидзе, "Теңізден теңізге" Экспедициясының мүшесі:
Көп жерлерге асфальт төселген. Яғни, қазір Маңғыстау облысында жолдар қолға алынған. Бес жыл бұрын бұл жаққа қатынау қиынның қиыны болатын. Үлкен өңірдің ішінде бір жолдан екіншісіне ауысу үшін қыр жолымен бірнеше сағат жүруге тура келетін.
Тілші:
Италия азаматы Альберто Ди Маури Қазақстанда алғаш рет саяхаттап жүр. Бірнеше жыл қатарынан саяси дипломат болған ол, бүгінде мәдени атташе мен сурет өнеріне ден қойған. Жер-жаһанды 15 жыл бойы кезіп жүрген Альберто Маңғыстаудың табиғатына тәнті.
Альберто Ди Маури, фотосуретші (Италия):
Бұл аймақтың әлеуеті зор. Бұл жердің әсемділігін бағалау мүмкін емес. Маңғыстаудың айрықша табиғатын суретке түсіріп, шексіз ләззат алдым. Өз жұмысымды міндетті түрде жария етіп, Италия халқымен бөлісемін.
Тілші:
Үстірт қорығы, Босжыра шатқалы, Айрақты тауы сынды киелі жерлерге қатысты аңыздар жетерлік. Мәселен, Шерқала тауының үстінде Ұлы Жібек жолының керуендерін қорғайтын ірі бекініс болған деседі. Осы тектес ерекші мекендер туристердің назарын аудартатыны сөзсіз дейді экспедиция қатысушылары.
Дәурен Раптаев, "Теңізден теңізге" экспедициясының мүшесі:
Егер біз шетелдік туристерді көбейтеміз десек, онда инфрақұрылымды жетілдіру керек. Ең болмаса дәретхана мен қоқыс жәшіктерін орнату қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік жарнамалар арқылы қоршаған ортаны ластамауды насихаттауға тиіспіз.
Тілші:
Саяхатшыларға Маңғыстау облыстық әкімдігі қолдау білдірді. Ал «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы «Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасы аясында «Жаңа Жібек жолы» атты алтыншы экспедицияны қолға алмақ. Жаңа бағыт Түркістан, Жамбыл мен Алматы облыстарын қамтиды. Ендігі жолы бұл шараға National Geographic телеарнасының Ресейдегі бөлімшесі қатыспақ.
Кұрманкин А.