Ал Алматыда әкімдік кәсіпкерлердің идеясын ұрлайды. Әсіресе әлеуметтік жобаларды қолдауға келгенде, олардың "қолы қысқа". Экология, әлеуметтік проблемалар, оның ішінде мүгедектердің проблемасын шешуге бағытталған бизнес түріне жергілікті билік қолдау танытқысы келмейді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауға арналған арнайы семинарда айтылды. Десе де осы салада аянбай еңбек етіп жүрген адамдар бар. Ришат Асқарбекұлы ерекше жобалармен танысып көрді.
Алматы тұрғыны Жасұлан Ботпаев 14 жыл бұрын ірі көлік апатынан соң мүгедек болып қалған. Ол тұратын үйге қайырымды жандар екі жыл бұрын мынадай пандустар орнатыпты. Содан бері жиналмалы мүгедектерге арналған құрылғының шапағатын көріп жүргенін айтады.
Жасұлан Ботпаев, Алматы қаласының тұрғыны:
Бұрын үйге кірер кезде кем дегенде екі адамның көмегіне жүгінетінмін немесе әйелімнің келіп көмектескенін күтуге мәжбүр едім. Қазір осы пандуспен оңай көтерілемін, қолым сау болғандықтан, ұстап тартыламын. Ал төмен қарай мүлдем қиналмай түсіп жүрмін.
Құрылғының авторы Тұрғанжан Қасымов деген азамат. Айтуынша әлеуметтік жобаның пайда болуына жұбайының шағымы себеп болған. Ол сәбиінің қоларбасын далаға алып шығарда қиналатынын айтқан. Содан соң өзі тұратын үйдің кіре берсіне темірден мынадай құрылғы жасап, орнатыпты. Көп ұзамай демеушілер тауып, 100-ден астам үйге пандустар орнатып шыққан. Енді әлеуметтік кәсіп иесі үстіңгі қабаттарға арналған пандустар салуды ойластырып жүр.
Тұрғанжан Қасымов, әлеуметтік кәсіп иесі:
Көбінесе олар қиын жобалар болды. Үшінші, алтыншы этаждарда болды. Ол жерге электрлі пандус жасайық деп жоба жасағанбыз. Бірақ ол қымбат болды. 2 млн. теңге.
Бұл - әлеуметтік кәсіпкерліктің бір ғана мысалы. Ал әлемнің дамыған елдерінде кәсіптің бұл түрі қарқынды дамып келеді. Ұлыбританияда бұл сала жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын береді. Батыстағы қайырымдылық қорлар Қазақстанда осындай кәсіп ашамын дегендерге қаржы бөлуге әзір. Сондай қордың бірі соңғы 5 жылда 16 жобаға қолдау білдірген.
Василина Воркова, Қайырымдылық қордың атқарушы продюсері:
Біз негізі жаңа идеяларды емес, жұмыс істеп жатқан, алғашқы жетістігі бар жобаларға қаржы бөлуге дайынбыз. Төрт миллион теңгеге дейін грант береміз. Бірақ осындай жобалар сәтті жүзеге асса, жергілікті атқарушы билік тұншықытыруға асығады. Идеяларды ұрлап, муниципальдық бағдаралама ретінде мемлекет қаржысына жүзеге асырып жатады.
2017 жылғы есеп бойынша, Қазақстанда 150-ге жуық әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі бар. Олардың қатарында мүгедек балаларды қолдау қорлары, тегін киім-кешек тарататын әлеуметтік дүкендер, тіпті жасөсіпірімдерді қазақ тілінде жыныстық сауаттылыққа тәрбиелейтін бірлестік те жұмыс істеп тұр.
Ришат Асқарбекұл, тілші:
Біздің қоғамда «кәсіпкерлік» десе, өз қара басы үшін пайда іздегендер деген жағымсыз пікір қалыптасқан. Десе де кәсіптің бұл түрі елдегі әлеуметтік-экономикалық саясатқа демеу беретін бизнестің бірі. Яғни қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсарту, абақтыдан шыққан азаматтарды қоғамға бейімдеу немесе балалар демалысын тиімді ұйымдастыру сияқты шешімін таба бермейтін мәселерді қосымша демеу, дейді мамандар.
Асқарбекұлы Р.