Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жақсылар, дастан айтайын...» және жыршы Миша!

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2018
  • 6660

«Жақсылар, дастан айтайын...». Кеше қасиетті жұмада рухани астанамыз - Түркістанда аймақтық жас жыршылар байқауы өтті. Мектеп оқушылары батырлар жырын айтудан жарысты.   

Түркістан төріне жиылған жасөспірімдер «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтты. Байқауда аудан, ауылдардан 5-11 сынып оқушылары арасынан суырылып шыққан 33 шәкірт бақ сынады.

Абай БАЛАЖАН, «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ: 

Осы буынның алдындағы тұрған ұлы міндет ол өзіміздің тамырымызға оралу, өзіміздің рухымызға оралу. Ал оны құр әшейін ауызбен болмайды ғой, ол үшін біздің руханиятымыз, біздің ұлттық кодымыз Елбасы айтқандай ол тура осы эпостық жырларда, фольклорымызда. Фольклорды оқып өскен бала ертең құдай қаласа, ол әдебиетті оқып өседі. Ол одан кейін еліне қызмет ететін болады. Сонда бүгінгі қоғамдағы түрлі келеңсіздіктер, түрлі қазіргі біздің қоғам бетпе- бет келіп жатқан мәселелер өзінен өзі жоқ болып кетеді.

Мәні ерек аймақтық шара биыл екінші рет өтіп отыр. Былтыр байқауға 48 бала қатысқан. Жасөспірімдер ол кезде «Қамбар батыр» дастанын жаттаған болатын. Айта кетейік, озық ойлы шәкірт тәрбиелеген ұстаздардың да еңбегі еленді. Шараны ұйымдастырудағы бір мақсат та сол, қарапайым мектеп мұғалімінің беделін көтеру, ұстаз еңбегін бағалау.

«Алпамыс батыр» жырын мүдірмей жырлаудан Отырар ауданынан барған 11- сынып оқушысы Олжас Бакира бас жүлдені алды. Оған 200 мың теңге табысталып, ал дайындаған мұғалімі Айнұр Әлішері жеңіл автокөлік мініп қайтты.

Облыстық газет ұжымы бас болған бұл жоба республика көлемінде кеңінен қолдау тауып, өзге өңірлерде де дәстүрге айнала бастады. Биыл Алматыда алғаш рет ұйымдастырылды. Сәтін салса барлық аймақтың балғындары батырлар жырын жаттайды, деп сенеді, ұйымдастырушылар.

Сол Алматыдағы байқауға қатысқан Миша: «Апай, мен Сіздің атыңызды бәрібір шығарамын!», -депті. «Өзімнің» демеген. Апайының абыройын ойлап тұр. Ол «Алпамыс батыр» дастанынан үзінді жаттап, алдымен аудандық жарысқа қатысады. Одан өтіп, қалалыққа жолдама алады. Бірақ өтпеді. «Менің жаттаған үзіндім қысқалау болды», - деді өзі. Әйтсе де «қысқа» болып қалғысы келмейді. «Қобыланды батыр» жырын жаттайтынын айтыпты, біздің тілшіміз Олжас Нұржақыпқа.  

Ұлты орыс мектеп оқушысы Михаил қазақ тілін жетік меңгеріп қана қоймай, өлең-жырларды жатқа оқиды. Содан болар қаладағы түрлі сайыста жүлделі орындар алып жүр. Жақында ғана «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан өткен байқауда өз ауданынан озық шыққан. Әйтсе де қалалық сында сан соғып қалды. Бірақ оған Михаил мойымақ емес.

Михаил ШУТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ №187 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ 8-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Қалалық турға қатысқаныма өте қуаныштымын. Бірақ өте қиын болды. Барлық жыр айтқандар жырды толығымен білді. Ал мен тек 60 бетін ғана жаттадым. Сондықтан мен екінші кезеңге өтіп, үшінші кезеңге өтпедім. Жырды жаттау өте қиын болды. Көнерген сөздер басқа да қолданылып келген сөздердің кейбіреулерін түсінбедім. Сондықтан ол қиындықтар тудырды.

«Тұлпар мініп, ту алған» байқауы оқушылардың жазғы демалысына берілген тапсырма. Жетекшісі Маржан Сансызбаева қабілетті оқушымыз болғандықтан, Михаилді таңдадық дейді.

Маржан САНСЫЗБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ №187 ОРТА МЕКТЕБІ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Отқа салсақ жанбайтын, суға салсақ батпайтын Мишамыз, Михаил бізде кез келген сайысқа дайындасақ, бір күннің ішінде дайын болып қасымызға келіп тұрады. Сөйтіп осы баланың жүрегіне шоқ салып, әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятқанымыз үшін өзіміз де ризамыз. Мектептің жалпы мақтанышы. Құдайдың берген бағы дейді мұндай баланы.

Михаил ШУТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ №187 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ 8-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

«Сен осы жырды жатта. Өзің орыссың. Бірақ қазақ тілін білетініңді көрсет. Орыстар қазақ тілінде сөйлейді, жырды жаттайды дегенді дәлелде» деп айтты. Сөйтіп мен дәлелдедім. Жырдағы «сайыпқыран» деген сөз мені өте қатты қызықтырды. Оның мағынасы «керемет» деген сөз. Өте әдемі сөз, менің ойымша.

Иә Миша бүгінде мектептің мақтанышына ғана емес, сайыпқыранына айналған. Түрлі іс-шараларда өнер көрсетіп, қара өлеңнің қадірін асқақтатып келеді. Содан болар сыныптастары оны қатты құрметтейді.

Гүлнұр АСЫБАЕВА, МИХАИЛДІҢ СЫНЫПТАСЫ:

Озат оқушы. Ең жақсы оқушылардың бірі. Ол біздің мектептегі үлгі тұтар оқушымыз. Ол осындай дәрежеге жетсе де, менсінбеу жоқ. Қарапайым оқушы. Бізбен жақсы араласады, күліп. Және де ешкімді бөлмейді.

Елдар ТҰРСЫН, МИХАИЛДІҢ СЫНЫПТАСЫ:

Біздің Миша ақылды. Бірінші келгенде біз оны орыс деп ойлап қалдық та. Басында сабақ сұраған кезде қазақша білетінін түсіндік. Үлгерімі жақсы. Тәртібі де жақсы. Дос ретінде бізді Миша сатпайды. Жақсы.

14 жастағы орыс баласы қазақ тілін балабақшадан бастап үйренген. Қазір қазақ мектебінде 8 сыныпта оқиды. Абай, Шәкәрім өлеңдерімен жастайынан сусындаған ол, батырлар жырына ден қойғалы әдебиетке деген қызығушылығы арта түскенін айтады.

Михаил анасының көмекшісі, қамқоршысы. Елена Шутова: «Ұлым үйдің жалғызы болса да, жан-жақты, қабілетті. Мен ылғи да сонысымен мақтанамын», - деп марқайып отыр.

Елена ШУТОВА, МИХАИЛДЫҢ АНАСЫ:

Ол өте еңбекқор. Бірінші сыныбынан қазақ мектебінде оқиды. Ол үшін ең бірінші орында білім тұрады. Мен оның әр жетістігін көрген сайын, жеңісіне куә болған сайын қатты қуанамын. Мектептен үйге келісімен тапсырмаларын орындай сала, бірден маған көмектеседі. Қолы босаса достарымен доп қуалайды. Үйде орыс тілінде сөйлескенімізбен теледидар көргенде, ғаламтор беттерін парақтағанда қазақ тілін таңдайды. Кейде тіпті маған қазақша сөздер де үйретіп жатады.

Озық ойлы орыс баласын ұстаздары да қатты жақсы көреді. Кез-келген істі сеніп тапсыра алады. Мишаның айналасына жақсылық істеуге дайын тұратын қасиетіне қатты риза.

Маржан САНСЫЗБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ №187 ОРТА МЕКТЕБІ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Жаңа жолда келе жатқанда айтып келе жатты: «Апай, келесі жылы міндетті түрде сіздің атыңызды шығарамын",- деп. Өзімді демейді, Сізді дейді. Сонысына риза болдым.

Михаил ШУТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ №187 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ 8-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Біріншіден ауданымның, екіншіден қаламның, сосын бүкіл мемлекетімнің мерейін қорғаймын. Қазақстанның ең мықты азаматтарына қосылғым келеді.

Мишаның болашақтағы арманы архитектор болу. Ал қазір дастан-жырларды жаттап жарыстарда топ жарсам, мектептің ғана емес жетекшімнің, ауданымның мәртебесін арттырар ем дейді. Осы мақсатта «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан өтетін байқауға қатысатынын жеткізді. Ниеттің түзу екенін айту мен дәлелдеудің айырмасын Мишадан көрдік. Михаилдың еңбекқорлығын естігенде сүйсінбеген қазақ жоқ!

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт»