Қызылжардағы "Аққайың" балабақшасының жылуға кеш қосылуына осы мекеменің өкілдері кінәлі. Бұл жайында баспасөз мәслихатының барысында «Севказэнергосбыт» компаниясының басшылығы мәлімдеді. Жылудың уақытында берілмеуіне құжаттардың тапсырылмауы себеп дейді олар.
Мағауия САҒАНДЫҚОВ, «СЕВКАЗЭНЕРГОСБЫТ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
"Аққайың" балабақшасының өкілдері бізбен келісім-шарт жасасуға қыркүйектің 26-нда бір-ақ ұсыныс білдірген. Оған дейін мекеме басшылығы жылу беруді мүлде сұраған емес. Былтыр оларға жылу келісімсіз берілген. Қазір біз қарыз көлемін санап жатырмыз.
Өткен аптадағы жаңалықтарымызда «Севказэнерго» компаниясының алдындағы берешегі үшін «Аққайың» балабақшасы жылуға қосыла алмай отырғанын хабарлаған едік. Суықтың салдарынан мекемедегі 80 баланың жартысына жуығы тұмауратып қалған. Сондай-ақ, бүгін мектепке дейінгі мекеме басшылығы монополистер алдындағы берешегінен толық құтылғанын айтты. Алайда әзірге нақты сомасы жарияланбай отыр. Бейресми ақпаратқа сенсек, «Аққайың» балабақшасының былтырғы жылыту маусымы үшін қарызы 1,5 миллион теңгеден асқан. Қазір балабақшадағы бөлмелердегі температура 25 градусқа жетті деді балабақша меңгерушісі.
Алтын СЕЙІТОВА, «АҚҚАЙЫҢ» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ :
Өзі осы садикті салған компания "Титан Север". Осы балабақшаға жауапты сол кісілер болатын. Кеш барған себебіміз, жаңа балабақша болғасын оның құжаттарын Титан Север компаниясы құжаттарды уақытында тапсырмауы. Олардың өз жұмыстары, құжат-қағаздары кешіктеу болды. Сол себепті деп ойлаймын.