Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы орта мектеп оқушылары газдан уланып қалды

  • AstanaTV
  • 04 қазан 2018
  • 3781

Оралдағы 40-шы орта мектепте уланғандар саны 16-ға жетті. Олардың ішінде оқушылар ғана емес, ұстаздар да бар. Осыған дейін хабарлағанымыздай, бүгін түс кезінде білім ордасында оқыстан газ иісі шығып, 300-ден астам оқушы мен мектеп қызметкерлері шұғыл түрде далаға шығарылған. Олардың бірқатары өзін жайсыз сезініп, дәрігер көмегіне жүгінді. Қазір оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр. Тапа-тал түсте қаланы дүрліктірген оқиға туралы толығырақ Еркін Карин жеткізеді.  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Оқиға алғашқы ауысымдағы үлкен үзіліс кезінде болған. Кенеттен шыққан өткір иістен мектеп оқушылары өздерін жайсыз сезініпті. Осылайша, ауыр халдегі үш оқушыға жедел жәрдем шақыртылады. Көп ұзамай дәрігер көмегіне жүгінгендер қатары көбейіп, оннан асты. Олардың ішінде мектеп оқытушысы да бар.

Оқиға орнына бірден бес жедел жәрдем көлігі келіп, полиция мектеп аумағын қоршауға алды. Ғимарат ішіндегі оқушылар мен мектеп қызметкерлері бірден сыртқа шығарылды. Ауа жетпей тұншыққан оқушылардың кейбірі аяғын баса алмағандықтан, дәрігерлер зембілге салып көтеріп шығарды. Олар облыстық балалар ауруханасына жіберілді. Ал, оқушылардың бірі химия кабинетінде әлдебір сұйықтықтың жарылғанын жеткізді. 

Мақсот ҒАЛИЕВ, №40 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Ештеме де жарылған жоқ. Оқыс газ иісі сезілді. Мектепте газ баллоны сияқты құралдар жоқ екенін сіздер жақсы білесіздер. Оқыс иістің қайдан шыққаны анықталады.

Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, зардап шеккендерге «белгісіз химиялық заттан уланған» деген диагноз қойылыпты. Дәрігер көмегіне барлығы 16 адам жүгінген. Олардың бірі - мектеп мұғалімі. 

Айнагүл САКПУСУНОВА, БҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Қазіргі таңда олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Сол себепті, дәрігерлер осы бірнеше сағат бойы оларды бақылап, көп су ішкізіп, денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрмағасын екі-үш оқушыдан ата-анасының қарауымен үйге жіберіп жатыр.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Дегенмен, иіс тиген мектеп мұғалімі эмоциялық күйзеліске ұшыраған. Сондықтан, дәрігерлер оны екі-үш күн ауруханада жатқызу туралы шешім қабылдапты. Ал, қаланы дүрліктірген мектепте сабақ түс ауа қайта жалғасты.

Е. Карин