Русский Сайттың толық нұсқасы

Мектеп оқушылары арасында қалқанша безінің қабынуы мен қант диабетіне шалдыққан балалар көбейген

  • AstanaTV
  • 04 қазан 2018
  • 3640

Қарағандылық мектеп оқушылары дұрыс тамақтануға көшеді. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жаңа жылда мектеп асханаларын модернизациялау жобасын іске қосады. Енді үйреншікті тәтті тоқаштар мен қуырылған шұжықтардың орнына сүт өнімдері мен көкөністер ұсынылмақ. Жаңа жобаның балалар денсаулығына пайдасын тілшіміз Айжан Қуаш біліп қайтты.  

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Қазір мынадай тәтті тоқаштарды барлық мектеп асханасынан кездестіруге болады. Барлығымыз олардың пайдасынан зияны көбірек екенін жақсы білеміз. Сондықтан асханаларды модернизациялау барысында кәсіпкерлерге осындай тоқаштардың орнына пайдалы тағамдар әзірлеу жүктелмек.

Кәсіпкер Игорь Голев жаңа жылдан бастап Дубовка ауылындағы мектеп асханасын бұрынғыдай 1 жылға емес, 7 жылға жалдай алады. Бизнесмен үшін «Нұр Отан» партиясы ұсынған жаңа жобаның артықшылығы осы. Бір жерде тұрақты жұмыс істегендіктен ескі қондырғыларды айырбастап, ас мәзірін жақсартамын деп отыр.   

Игорь ГОЛЕВ, КӘСІПКЕР: 

Мысалы, мына пеш әбден тозған. Қазандықтың өзі 15 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Бәрін де айырбастаймыз. Партия бізге денсаулыққа зиян тағамдар пісірмеуді тапсырды. Сондықтан балаларға тоқаштардың орнына көкөністер мен салаттар беретін боламыз.

Асханаларды жаңарту жобасы кәсіпкерлерге тұрақты табыс әкеліп, балалар тағамының сапасын жақсартады. Соңғы жылдары ата-аналар мектеп асханасының жұмысына жиі шағымданатын болған. Оның үстіне қант диабеті мен асқазан ауруына, семіздікке шалдыққан оқушылар саны артқан.  

Қадиша ОСПАНОВА, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Тамақтану институты бекіткен тағамдар болуы тиіс. Ол сүт, көкөніс, жеміс-жидек. Ал, бизнес өзіне берілген жылдарда осы қағидаларға бағынып, ата-аналар комитетімен тығыз жұмыс істеуі тиіс. Бұрынғыдай жыл сайын тендерге қатысам деп шаршамайды, бірақ соған қарай балаларды тамақтандыру ісіне жауапкершілікпен қарауды талап етеміз.

Дұрыс тамақтану мәселесін бүгін қарағандылық дәрігерлер литвалық әріптестерімен бірге талқылады. Шетел мамандары эндокринологтар мен онкологтарға шеберлік сабағын өткізді. Олардың айтуынша, Литваның әрбір 4-інші тұрғыны семіздіктен зардап шегіп отыр.   

Эгле МИНЯВИЧЕНЕ, ЕУРОПАДАҒЫ ТҰҢҒЫШ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ ЕМХАНАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ, ДӘРІГЕР: 

Біздің елдегі барлық мектептерде тиын салғанда тоқаш пен тәтті сусын, қытырлақтар мен кәмпиттерді беретін автоматтар жабылды. Қазір олармен күрес жүріп жатыр. Өйткені, қант тез қорытылатындықтан, ағзамыз оған үйнеріп алады.

Қазақстанда семіздік көрсеткіші едәуір төмен. Дегенмен соңғы 10 жылда қалқанша безінің қабынуы мен қант диабетіне шалдыққан балалар көбейген. Дәрігерлер оның бір себебі дұрыс тамақтанбау екенін алға тартады. 

Алтын ТОЙЫМБЕКОВА, ЭНДОКРИНОЛОГ ДӘРІГЕР: 

Ұннан жасалған тағамдарды азайту керек. Ондай тамақ жеген бала көбінесе артық салмақты болады. Семіздік ол- проблема. Көп ауруларға әкеліп соғады.

Партияның мәліметінше, Қарағанды, Балқаш, Теміртау қалаларының біраз кәсіпкерлері мектеп асханаларын 2019 жылдың жазынан бастап жаңартуға келіскен. Ал, олардың ас мәзірі мен асхана жабдықтарының сапасын партия құзыретті орындармен бірге қадағаламақ.    

А. Қуаш