Русский Сайттың толық нұсқасы

Құрылыс саласына еурокодтың енгізілуі Қазақстандағы жылжымайтын мүлік құнына әсер етпейді - ҚазҚСҒЗИ сарапшысы

  • AstanaTV
  • 11 тамыз 2017
  • 4035

Құрылыс саласына еурокодтың енгізілуі Қазақстандағы жылжымайтын мүлік құнына әсер етпейді. Бұл туралы жаңа нормалар авторларының бірі - Құрылыс және сәулет институтының бас маманы Тұрсымбай Түлеев мәлемдеді. Айтуынша, ел құрылысы саласында еурокодтар ақырындап енгізіле бастады. Ал еуропалық стандартқа толығымен 2020 жылға қарай көшеміз. Бұл уақыт аралығында жылжымайтын мүлік нарығында не өзгереді? Бұл сауалға тілші жауап іздеп көрді.

Қөпқабатты үйлер қанша жылда сыр береді және салынып жатқан үйлер жер сілкінісіне төтеп бере ме? Бұндай сауалдар қазір жаңадан бой көтерген үйлердің кемшіліктерін жиі естіп жүрген мамандарды алаңдатып отыр. Мысалы, бұған жуырда «Қалқаман» ықшамауданында болған жағдай дәлел. Тұрғындардың көз алдында көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлап түсті. Абырой болғанда, маңайдан өткен адамдар зардап шекпеді. Тек тұрақта тұрған автокөліктерге зақым келді. Әрине, мұндай оқиғалар құрылысшыларға көптеген сауал туғызады.

Құрылыс саласының маманы Тұрсымбай Тулеев мыңнан аса тұрғын үйдің сейсмикалық қауіпке төзімділігін тексерген. Айтуынша, мегаполистегі үйлердің тек 41 пайызы ғана қауіпсіз саналады.

Тұрсымбай Түлеев, ҚАЗҚСҒЗИ АҚ ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығын зерттеу және бағалау зертханасының меңгерушісі:

Алысқа барудың қажеті жоқ. Мысалы, оң жағыма қарасам, Республика алаңында банк ғимараты тұр. Осы нысанға мен ғимаратты нығайту қажеттігі туралы техникалық шешім бергенмін. Ал, сол жағыма қарасам, Президент резиденциясы тұр.

Бұрын жобалау кезінде ғимаратқа екі арматура қажет болса, еурокод оның төртеуін талап етеді. Алайда сапа артқан соң, жылжымайтын мүлік бағасы қымбаттайды деген қауесетпен сарапшы келіспейді.

Тұрсымбай Түлеев, ҚАЗҚСҒЗИ АҚ ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығын зерттеу және бағалау зертханасының меңгерушісі:

Еурокодқа өту жылжымайтын мүлік бағасын қымбаттады деп көбі айтып жүр. Біреулер 30 пайызға баға өседі дейді. Олай болмайды.  Мен өзім осыған байланысты салыстырмалы талдау жасадым. Каркасты 9 қабатты темірбетонды үйді алып, қазіргі құрылыс нормалары және ережелері және еурокод бойынша есептеп шықтым. Сосын бетон мен арматураның шығындарын салыстырдым. Сонда арматураның аздап шығыны байқалды. Бірақ бұл шығын ғимараттың жалпы құнының 0,5 пайызын құрайды.

Еурокодтарды енгізу үшін сеймологтар да белсенді жұмыс істеп жатыр. Сейсмология институты бірнеше жылдан бері жалпы аудандастыру картасын жасап келеді.

Алла Садықова, ҚР БҒМ «Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы» АҚ  аймақтық сейсмикалық зертханасының меңгерушісі:

Біз бұл аудандастыру картасын жасаумен бір жарым жылдан бері айналыстық. Әрбір облыстық орталықтардағы елді мекендердің сейсмо қауіптілігін бағалау үшін, қайтадан тексеру жүргіздік. Бұрындары біз тек мына нысан осынша баллға төтеп береді деп көрсететінбіз. Қазір басқа параметрлар бар. Яғни мамандар  жер қабатын толығымен зерттеп, ескеретін болады. Жалпы жердің сейсмо қауіпсіз аймақ екеніне көз жеткізіп алмай, тұрғын үй сала беруге болмайды.  

Ел құрылысында еурокодқа толығымен көшу 2020 жылға дейін жүргізіледі. Бұл уақытқа дейін өз ісінің нағыз мамандары құрылыстың нормалары мен ережелері көрсетілген құжаттаманы жөнге келтіруі керек. Сондай-ақ сәулетшілер мен құрылысшыларды еуропалық стандарттар бойынша жұмыс істеуге үйретуі тиіс.

Айгүл ЕРМАХАН