Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұғалімдер, дәрігерлер мен полиция қызметкерлері үшін пәтер сертификаттары беріледі

  • AstanaTV
  • 08 қазан 2018
  • 5782

Баспана алу үшін жеңілдік сертификаттарын қарастырғанда бірінші кезекте мұғалімдер, дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне басымдық беріледі. Бұл туралы бүгін «Баспана» ипотекалық мекемесінің өкілдері мәлімдеді. «7-20-25» бағдарламасының операторы бюджеттік сала мамандарына жеңілдік жасауға әкімдіктер белсене ат салысады деп үміттенеді. Бюджеттік мекеме қызметкерлеріне алғашқы жарнаны азайту үшін берілетін сомманың орташа мөлшері 1 миллион теңге. Аймақтарда қазынаның мүмкіндігіне қарай бұл сомма өзгеріп отыруы мүмкін екенін айтты. Президенттің пәрменімен бұл мақсатқа 50 млрд. теңге қарастырылмақ. Алғашқы сертификаттар осы айдың ортасынан бастап беріле бастайды, деді ұйымның басқарма төрағасы. Жылдың соңына дейін елде 10 мың бюджеттік мекеме қызметкері баспана сертификаттарын алады деген жоспар бар.  

Қайрат АЛТЫНБЕКОВ, «БАСПАНА» ИПОТЕКАЛЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:  

Ол сертификатты әрбір өңір дайындап, Елбасы айтып кеткендей мұғалімдерге, дәрігерлерге немесе полиция қызметкерлеріне және басқа да әлеуметтік сала қызметкерлеріне әкімдіктер өздері шешіп, кімге беру керектігін әзірлеп, таратуы тиіс. Біздің ұсынысымыз бойынша екі жол бар: бірінші- қайтпайтын көмек ретінде, екінші- ұзақ мерзімге пайызсыз несие ретінде берілетін болады.   

Мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасы биыл 19 маусымда іске қосылды. Оны жүзеге асыруға 7 банк ат салысып жатыр. Бүгінге дейін 3 мың 300 өтініш мақұлданып, халық 17 млрд. теңгеге пәтерлер алып үлгерген.  

«7-20-25» бағдарламасы - 19 маусым 2018 жыл. Бағдарламаға - 7 банк қатысады. Қазақстан бойынша- 3300 өтініш. Берілген сомма- 17 млрд. 44 млн теңге. 

Р. Асқарбекұлы