Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқаны аяқталуға жақын. Теріскей диқандары осы уақытқа дейін қамбаға бес миллион тоннаға жуық бидай құйып үлгерген. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан шаруалар рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіпті. Кейбір егістік алқаптарда әр гектардан 60 центнерден артық дән жиналыпты. Егін саласындағы жаңа технологиялар жайында аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.
Теріскей диқандары қолайлы күн райын бақпай, егін сапасын шұрайлы топырақтың арқасында арттырып отыр. Мәселен, «Сервис-жарс» серіктестігі «нүктелі егін шаруашылығы» атты пилоттық жобаны енгізген. Компания жердің құнырлығын зерттеп, алқаптардың арнайы картасын құрастырған. Есесіне гектарына 40 центнерден асьық жинадық деп отыр.
Жомарт ОМАРОВ, «СЕРВИС-ЖАРС» ЖШС ЖЕТЕКШІСІ:
Жылдың басы сәл қиындау болды. Көктем кеш келіп, күн райы салқын болды. Жалпы, егін жаман емес. Соңғы 120 гектар жерімізді жинап жатырмыз. Әзірге гектарынан орташа алғанда 28 центнерден шығып жатыр. 30-ға дейін жеткіземіз деп ойлаймын.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында егістік алқаптарының 95 пайызы жиналған. 5 миллион тоннаға жуық астық пен 600 мың тоннадан астам майлы дақыл қамбаға құйылыпты. Ендігі мақсат - өнімді ысырап етпей, сақтап қалу,- деді ауыл шаруашылығы басқармасы.
Қуандық ШАКУБАЕВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бізде егін сақтайтын 50 арнайы кәсіпорын бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 3.4 миллион тонна. Ал, облыстың элеваторлары 3.1 миллион тонна астықты сақтауға қауқарлы. Бүгінде элеваторлар 30 пайызға жүктелген. Қазір шаруашылықтар өз қырмандарында астықты кептіріп, өңдеп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысының диқандары жыл сайын астықтың 1.5 миллионнан астамын экспортқа саудалайды. Теріскейлік бидайды негізінде Қытай мен Орта Азия елдері алады. Айта кету керек, әзірге азық-түлік келісім-шарт корпорациясы бидайдың бағасын жариялаған жоқ. Ал, трейдерлер оны 50 мың теңгеден қабылдай бастаған.
А.Құрманкин