Русский Сайттың толық нұсқасы

Зымыран апатынан ғарышкерлер дін аман

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2018
  • 5149

Байқоңырда зымыран апатқа ұшырады. Абырой болғанда, ғарышкерлер дін аман. Бүгін 14 сағат 40 минутта «Союз МС-10» кемесін алып шығуы тиіс «Союз ФГ» зымыран тасығышы ұшырылған. Алайда, бірнеше минуттан кейін Роскосмос сайтындағы тікелей көрсетілім үзіліп, «штаттан тыс» жағдай орын алды. Бұл Байқоңырдан «Союз» зымыранының соңғы 3 жылда алғаш рет сәтсіз іске қосылуы. Экипажда болған ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен NASA астронавты Ник Хейг халықаралық ғарыш стансасына қонуды жоспарлаған. Олар онда жарты жыл жұмыс істеуі керек еді. Роскосмостың мәліметінше, «Союз МС-10» Қарағанды облысының аумағына қонған. Бұл осы санаттағы зымыран тасығыштың соңғы 27 жылда болған алғашқы апаты. Ал, «Союздың» 137-ші ұшырылымы. Оны тамашалауға «Роскомос» басшысы Дмитрий Рогозин мен Премьер министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин арнайы шақырылған. 

Талғат ЖҮСІП, ҚР ҒАРЫШ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Шамамен тоғызыншы минутта штаттан тыс жағдай орын алып, «Союз» зымыран-тасығышының екінші сатыдағы қозғалтқышы өшіп қалған. Борттағы ресейлік космонавт Алексей Овчининнің бұл екінші ұшырылымы болса, американдық NASA астронавты үшін алғашқы дебют. Бұдан бөлек, бортта сыйлық салынған бес контейнер мен 3D принтер болған. Экипаж ғарыш кемесінен капсуламен бөлініп шығу туралы шешім қабылдаған.

Ал, апатқа ұшыраған ғарыш кемесінің екінші бөлігі Жезқазғаннан 30 шақырым жерге құлауы мүмкін. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы айтты. Әзірге қайда екені белгісіз. Жергілік атқарушы органдардан әзірге ешқандай ақпарат келіп түспеген. 

Владимир Беккер, ҚР ІІМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Ғарыш кемесінің екінші бөлігінің құлаған жерін анықтау үшін іздеуге арнайы топ жіберілді. Кеменің бөлшектерінің қайда құлағаны анықталғанда қосымша ақпарат береміз. Айта кетейін, аталған ғарыш кемесіне отын ретінде керосин мен оттек пайдаланылды.

А. Бектас