Шет елге жиі іс-сапарлатқан қырғыз министрі қызметінен қуылды. Еңбек және әлеуметтік даму министрі Таалайгүл Исакунова басқарған мекеме басшылығы екі жылда 26 рет шет ел асқан. Қырғыз билігі мұны көпсініп, «қыдырымпаз» министрмен қош айтысты.
Шенеуніктер шетелге шығарда бірқатар олқылықтарға жол берген. Мәселен, сапардан оралған соң министрлік өкілдері есеп-қисапқа мән бермеген. Кейде үкіметті мүлде ескертпей кетіп отырыпты. Ал, 2017 жылы Таалайгүл Исакунова дипломатиялық паспортын пайдаланып, Америка Құрама Штаттары мен Аргентинада еңбек демалысын өткізген. Еске салайық, қыркүйектің аяғында вице-министр Зууракан Каденова Сеулден қайтып келе жатқан кезде ұшақтың ішінде мас күйінде жанжал шығарып, жұмысынан қуылған еді.
А. Курманкин