Русский Сайттың толық нұсқасы

Джеймс Аллисон мен Тасуку Хондзёнің ғана жеңісі емес

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2018
  • 2937

Биыл медицина бойынша Нобель сыйлығын америкалық Джеймс Аллисон мен жапон Тасуку Хондзё алғаны белгілі. Т-клеткаларды пайдалана отырып рак ауруларын иммунды терапиялаудың революциялық әдістерін ойлап тапқандары үшін. Екеуінің тәсілдері әл бермей дамитын ракқа шалдыққан кейбір пациенттерге өмір сыйлаған.   

Аллисон мен Хондзё қорғаныш реакциясын бұғаттай алатын рак клеткаларын бейнелеп айтқанда, «алдауды» ойлап тапқан. Бұл ракты емдеуде тиімділігі жоғары дәрілер шығаруға негіз қалады. Тіпті соңғы деңгейге жеткен аурулардың жазылып кетіп жатқандары бар, деп жазды Би Би Си порталы.

Енді аздап тарқатсақ. Америкалық Джеймс Аллисон иммунды бақылау нүктелері дегенді ашқан. Бөгде және мутацияға ұшыраған клеткаларды тауып, жоюға жауап беретін Т лимфоциттерді тыныштындырып, қорғаныш қабілетімізді тежейтін механизмді. Егер сол тетік бұзылса, организм өзін-өзі жоя бастайды. Сау тканьдерді. Сөйтіп америкалық ғалым табиғи тежегіш механизмді тоқтатып тастауға тырысып көрген. Эксперимент жасаған тышқандардағы ісік клеткалары иммунитеттен жасырына алмай, организм ракпен тиімдірек күресе бастаған.

Онымен қатар, 1992 жылы Тасуку Хондзё иммунды бақылау нүктелерінің басқа типін ашып, иммунды терапияның бірнеше тәсілін ол да тапқан. Жағымсыз әсерлерінің болатынына қарамастан, ойлап табылған дәрілер өкпе, бүйрек рактары, лимфома мен меланомамен күресте тиімділігін көрсеткен. Екі профессордың ғылыми жаңалықтарының арқасында клиникалық сынақтан өткізіліп жатқан да дәрілер бар. Демек олардың жаңалықтарының пайдасы сарқылған жоқ. Аллисон мен Хондзёнің Нобель сыйлығын алғанын естіген медицина шамшырақтары бұл шешімді күткендеріне бірнеше жыл болғанын айтқан. Иә, дейді олар, бұл әдістер бәріне бірдей көмектеспейді. Бірақ рак және басқа да аурулармен күресте иммунды жүйені белсенді қылатын немесе тежеудің жолы бар дегенді дәлелдеудің өзі революциялық жаңалық.