Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекуде қоғамдық жұмысқа тартылғандар жұмыссыз қаламыз деп алаңдауда

  • AstanaTV
  • 15 қазан 2018
  • 3456

Керекуде қоғамдық жұмысқа тартылғандар жұмыссыз қаламыз деп алаңдаулы. Белгілі болғандай, осы айдан бастап Үкіметтік емес ұйымдарда еңбектенетін қоғамдық жұмысшылардың келісім-шарты ұзартылмайды. Бұған бұл бағытқа бөлінген қаражаттың игерілгені басты себеп. Жергілікті биліктің ақпарынша, биыл қала бойынша 580 адам қоғамдық жұмысқа тартылған.  

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Павлодарда осы айдан бастап қоғамдық жұмысқа тартылған тұрғындармен келісім-шарттары тоқтатыла бастады. Бұл хабар бір топ қауымды алаңдатып қойды.

Солардың бірі - Мария Терентьева. Ол 11 жастағы аутизм диагнозы бар баласын тәрбиелеп отыр. Сондықтан, тұрақты жұмысқа орналаса алмайтынын айтады. Ерекше балаға ерекше күтім қажет, сол үшін қоғамдық жұмыстың кестесі өте ыңғайлы еді,-дейді.  

Мария ТЕРЕНТЬЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қоғамдық жұмыстан алатын айлығым отбасылық кіріс еді. Азын-аулақ болса да, арасында балама қажет дәрі-дәрмек сатып алатынмын. Оқытқаны үшін педагогтерге төлейтінмін. Өйткені, мемлекеттік мекемелерде ұсынылатын оқу бағдарламасы жеткіліксіз ғой. Сондықтан, көбіне қалтамнан ақша төлеп, оқытамын.

Ал, «Ассент» үкіметтік емес ұйымында қоғамдық жұмысқа 6 адам тартылған. Бірлестік сотталғандарды еркін өмірге бейімдеумен айналысады. Сәйкесінше, мұнда жұмысқа орналасушылардың тағдыры да өзгешелеу.  

Алексей ЖУРБИН, «АССЕНТ» ҚБ ЖЕТЕКШІСІ: 

Жұмыспен қамту орталығы арқылы менде жұмыс істеген адамдар бұрынғы сотталғандар. Бұл жұмыс олардың жалғыз табыс көзі деуге болады. Түрмеде отырып келгендерге жұмыс табу өте қиын екен. Қоғамдық жұмысқа тартылғандар көбіне курьер, әлеуметтік жұмысшы болып еңбектенді.

Қоғамдық жұмысшылардың айлығы ең төменгі еңбекақы деңгейінде, яғни, 28 мың теңге. Анықталғандай, биыл 500 қатысушыға бюджеттен 119 млн теңге бөлінген. Бірақ, қазіргі уақытта қоғамдық жұмысқа тартылғандардың саны-580 құрап отыр. Шенділердің сөзінше, меже артығымен орындалып, ақша толықтай игерілген.  

Лариса КУЗЬМЕНКОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қоғамдық жұмыстарда зейнет жасына жақындап қалған тұлғалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Бұл адамдарды біз жұмыссыз қалдырмаймыз. Олар қоғамдық жұмыста жыл аяғына дейін қалады. Бұған бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді. Ал, аяқ-қолы сау, жұмысқа қабілетті тұрғындарға тұрақты жұмыс тауып беруге тырысамыз.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, қазір Павлодарда 300 адам уақытша жұмыста еңбектенеді. Оның 200-і әлеуметтік әлжуаз топтың өкілі. Шенділер келешекте қоғамдық жұмысқа тек белгілі бір категориядағы қауымды тартуды жоспарлап отыр.

Ә. Мұхитқызы