«Союзді» құрастыру кезінде қате кеткен. Зымыран кемесінің апатқа ұшырауына қатысты алғашқы болжам айтылды. Төтенше жағдайды зерттеуге кіріскен сарапшылар осылай деп мәлімдеді. Олар Байқоңырдағы монтаждау-сынақ корпусында бүйір блок зымыранның екінші сатысымен түйіскен кезде механикалық кемшілік болған деп отыр. Бұл туралы «Коммерсант» газеті хабарлады. Сенімді ақпарат сөздеріне сүйенген басылым бүйір блок кранмен көтергенде зақымданғанын жазады. Бұл құрастыру қателігі не зауыт ақауы емес. Әңгіме оны тасымалдау кезіндегі қателік жөнінде болып отыр. «Роскосмос» апат себебі туралы осы аптаның аяғында баяндама әзірлемек. Еске салайық, Байқоңырдан халықаралық ғарыш стансасына аттануы тиіс «Союз МС-10» кемесі ұшып шыққан екінші минутта апатқа ұшыраған еді. Кемеде болған ресейлік ғарышкер мен америкалық астронавт түсіру аппаратының көмегімен Жезқазғанға жақын жерге қонған болатын. Ал, бүгін америкалық астронавт Ник Хейг ресейлік құтқарушылардың кәсіби шеберліктеріне таңдай қақты. Оларды 3 парашютшы қонған бетте капсуладан алып шыққан.
Г. Меңдеева