Астанада Кенесары атындағы көшенің бойында төрт қабатты бір үй тұр. Дәлірегі – жатақхана. 126 бөлмелік. Әжетхана бірінші қабатта ғана бар. Ерлерге біреу, әйелдерге біреу. Үшінші қабатта тұратын 85 жастағы Нина есімді әже қатты қиналып кеткенін айтады, екі рет құлап қалыпты. Қалай өмір сүруге болады? Жатақтың кейпі адам шошырлық. Электр сымдары, едені, төбесі, қабырғалары – бәрі-бәрі шіріп кеткен, адам паналайтын мекен емес. Әкімдік әуелі жатақхананың сүрілетінін айтқан, кейін ондай тізімнен шығарылғанын хабарлаған. Тоқсаныншы жылдары жүргізілген сараптама бойынша үй алпыс процентке тозса, уақыт өте «тозуы 58 процент» деп өзгертілген. Жыл өткен сайын құлпыра түсетін жандар болады, ал ғимарат «жасарады» дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Осыған параллель қойғымыз келетін - Талдыкөл. Исі қолқаны қабатын, жұрт қашатын мекен етін. Президент кезекті бір әкімге «Сол жерге барып тұрасың» дегеннен кейін жақсылап тазартылып, әдемі көлге айналды. Биыл аққу-қаз келіп қонды. Ол маңда зәулім үйлер салынып, салтанаты келіскен ауданға айналып келеді. Шешілмейтін мәселе жоқ екеніне нұсқайтын параллельді Ақерке Бектас жүргізеді.
Шатырынан су аққан, апатты жағдайдағы үй, тозығы жеткен кәріз желісі, жағымсыз иіске тұншыққан тұрғындар. Бұл бас қаланың қақ ортасындағы Кенесары көшесі, 57 мекенжайы бойынша орналасқан жатақхананың көрінісі. Амалын тапса бұқара бұл жерден безіп кетуге дайын. 2010 жылы төтенше жағдайлар қызметі жатақханаға тексеріс жүргізіп, үйді «қауіпті жағдайда» деп құжат толтырған. Арада 8 жыл өтті, сүрілуге тиіс үй тізімнен себебі түсіндірілместен алынып тасталды.
Рита ГАБДУЛХАКОВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
Түсінесіздер ме, үй ескі! Ол осыншама жыл бойы тұруға жарамайды. Жертөле де жоқ. Үйді сүрілуге жіберу үшін пилоттық жобаға қойған. Тізім бойынша 187-ші орында тұрдық. Енді күтіп-күтіп, соңында барлығы құлап тынды. Мәселен, 2015 жылы 101 пәтердің қабырғасы түгелімен опырылып түсті. Біз шыдаммен күттік. Бірақ неге соңында үйді тізімен шығарып тастады?
4 қабатты жатақханада 126 пәтер бар. Бір емес, 126 пәтердің тұрғындары бірінші қабаттағы су басып, жөндеу көрмеген жалғыз дәретхананы пайдаланады. Ал, 85 тегі Нина Лавриненко үшін бұл өте қиын.
Нина ЛАВРИНЕНКО, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
Менің бұл жерде тұрып жатқаныма 18 жыл болды. Үшінші қабатта тұратын мен үшін бірінші қабатқа қайта-қайта түсе беру өте қиын. Кейде жоғарыға көтеріле алмай кетемін. 4 қабатты жатақхана үшін бұл мүлде қолайсыз. Өтінемін, бізге көмектесіңіздерші, мен секілді қарт адамдар қаншама, мұнда.
Жаңбыр немесе қар жауса болды, төбеден су кетеді, жағымсыз иіс шығады. Ал, нөсер құйса, үйдің іші көлге айналады.
Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:
Тозығы жеткен жатақхананы паналайтындар қабырғасы қақырап, сылағы түскен пәтерлерге жөндеу жүргізуден шаршаған. Тіпті, мынадай 18 шаршы метрлі бөлмені онға жуық адам 15 жылдан аса уақыт паналап келеді.
Гаухар РАХМЕТОВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
Тұрып жатқан жеріміз осы, көріп отырсыздар. Түнде ұйқы, күндіз күлкі жоқ. Осылай тұрып жатырмыз. Жыл да ремонт жасаймыз. Сырость. Мен өзім ауырамын, денсаулығым жоқ. Қаншама ақшам суға кетті. Пайда жоқ. Отбасымызбен бәріміз осы жерде тұрамыз. Үлгере алмай жатырмыз, леген-леген суды төгіп. Балалар кішкентай. Олар да ауырады.
Ал электр сымдарының беті ашық тұрғанына жыл болған. Тіпті өрт шығып, тұрғындар зардап шеккен.
Сәуле АЙЖАРЫҚОВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
Көпбалалы отбасылар тұрады. Осы жерге бір баланың токқа түсіп кетпесіне кім кепіл?! Ашық-шашық тұр. Не авариялық шығатын жер жоқ. Өткен жылдары пожар болғанда шығатын есік те, тесік те таппай, жылап-еңіреп көк түтіннің арасында жүгірдік. Пожарныйлар келді, көрді. Бірақ еш нәтиже бермеді.
Ботагөз НҰРЫСОВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
Көріп отырсыздар төртінші этаж, мынау кухня. Төбесі жыл да осылай боп кетеді. Ремонт жасаймыз, ақша жинап. Су аға береді, қазір де тамшылап тұр. Бізге ешкім көмектеспейді. 4-этаждың әр тұрғыны шамасы келгенше төбесін жабады. Сондықтан дәл қаланың ортасында тұрған жатақханаға көңіл бөлсе екен.
Рита ГАБДУЛХАКОВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
Үйді қалпына келтіру үшін ақша жинауға болады. Бірақ сол қаражатты қазір желге ұшырып жатырмыз ғой. Қанша жерден жөндесек те бұл үй ескі, тозығы жеткен, сүріліп кетуі керек. Түсінесіздер ме?! Неге біз қайта қалпына келмейтін ескі үйге ақша жинай беруіміз керек?
Жатақхананы «сүрілсін» деп тұрғындар әкімдікке талай рет барған. Пайда жоқ. Олар үйді апатты жағдайда емес деп, жоспардан алып тастағалы қашан. Қаланың қақ ортасы, Кенесары көшесі. Енді ашынған адамдар қара суықта қайда барсын? Апатты болса да аядай пәтерді паналауға мәжбүр... Еске Астананы қолаңса иістен арылтпаған Талдыкөл түсті. Кәріз суы жиналған лай, қаптаған шыбын-шіркей елорда тұрғындарын әбден мезі еткен еді.
Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:
Ал, мына көрініске қарап, бір кездері қолқаны қабатын жағымсыз иіс шығатын, лас Талдыкөл деп айтпайсыз. Тазалау жұмыстары су айдынын жағымсыз иістен арылтты. Қамысы қаулаған көлді жылы кезде құстардың түр-түрі мекендеген. Қазір талай уақыт тұрғындарды тұншықтырған иіс те жоқ, айнала тап-таза.
Анықтағанымыздай, Талдыкөлде қалалық табиғи бақ құрылмақ. Ұлыбританияның құстарды қорғаумен айналысатын корольдік қоғамы бөлген грант жұмсалады. «Тенгриньюс» порталы қыс түсіп кетпей үлгеріп түсірген мына суреттерді тамашалай отырып, Астанада жан жадырататын мекеннің пайда болғанына қуанасың. Тек оған Кенесары көшесіндегі жатақта тұратын адамдар бара қоймас...
Ақерке Бектас «Біздің уақыт»