Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс депутаттары аймақтарды аралап жүр

  • AstanaTV
  • 23 қазан 2018
  • 3502

Шымкенттегі қазақ драма театрында жылу жоқ. Әртістердің айлығы да төмен. Ал, Ақтөбедегі ауылдар ауыз суға жарымай отыр. Астанадан шығып, аймақтарды аралап жүрген депутаттарға тұрғындар бастарындағы проблемаларды айтып қалуға барынша тырысып жатыр. Мәжілісмендер әлі бір аптадай Жолдауды түсіндіріп, ел аралайды. Соған қарағанда, төменгі палата өкілдері Астанаға қап-қап мәселемен оралатын сияқты.   

Депутаттар Астанадағы №10 ауруханы аралады. Жақында ғана қолданысқа берілген нысанды әлі жабдықтау қажет. Майра Айсина тұрғындар арасында ағарту жұмыстары қажет,-дейді. Яғни, «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуді» түсіндіру керек,-дейді.

Майра АЙСИНА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:  

Өз денсаулығын қалай жақсартамыз? Сол жағын көбірек білу үшін қандай жаңа технологиялар бар? Нені пайдалану керек? Ішетін су мен жейтін тамағың, соның барлығына көңіл бөлу керек деген мақсатмен мамандармен ақылдасып жатырмыз. Дәрігерлер халыққа осыны түсіндірсе дейміз.

Ал, Қостанайда жыл соңына дейін 290 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 43 азаматтың өтініші мақұлданып, оң шешімін тапқан. Қазір қаладағы жаңадан салынған пәтерлердің әр шаршы метрінің құны 170-180 мың теңге. Қостанайда 1 бөлмені 5 миллионға, 3 бөлмені 15 миллионға алуға болады. 

Асылбек СМАҒҰЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Әрине, бағаның түсуі үшін біріншіден, Елбасы жолдауында айтқандай, біз бәсекелеістікті дамытуымыз керек. Егер, көптеген құрылыс компаниялары осы үйлерді көп салатын болса, оның сапасы артып, бағасы да түседі. Сондықтан, жергілікті жерде осы мақсатта жұмыс істеу керек деп ойлаймын.

Нұротандықтар Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында болды. 1934 жылы негізі қаланған қара шаңырақ жаңа ғимаратқа жайғасқанымен, әртістер төрт жылдан бері жылусыз отырғандарын айтады. Құрылыс кезінде кеткен кемшіліктер кесірінен бас сахна мен зал жылусыз қалған. Ұжым мүшелері мұны талай көтергенмен мәселе шешімін таппаған.  

Бибігүл МАДАЛИЕВА, ТЕАТР ӘРТІСІ: 

Қыстың күні біз жаураймыз. Біз жаздың кезіндегі спектакльдерді ойнаған кезде жазғы костюммен ойнап, жаурап, кішкентай ғана біздің жалақымыз емделуге де жетпей қалатын кездер болады. Қаншама көрермендеріміз келіп, жаурап, сол спектакльдің басынан аяғына дейін 1,5 сағатты спектакль бар, 2 сағаттық спектакль бар соның аяғына дейін шыдамай шығып кетіп жатады көрермендер.

Ал, Ақтөбедегі шалғай аудан тұрғындары ауыз суға зәру. Депутаттарға тұрғындар осый деп базынасын айтты. Ащы суды құдықтан ішеді. Ауылға таза ауыз су тартып беруді сұрап отыр.  

Ақылбек ДӘУЛЕТЖАНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:  

Бәріне келіп тұр Қобда ауданынан басқа тұщы су. Бізде жоқ. Ал, енді 3 шықырып жерден халық көшпей отыр. Айрандай ұйып отырмыз, қарттарымыз да бар. 9 жылдық мектеп те бар. Бізде су жағы мәселесі өте қиын. Тым ащы.

Депутаттар мәселені алдағы уақытта қарап шешуге септесеміз деп сендірді. Айта кетейік, мәжілісмендер 27 қазанға дейін ауыл ауылды аралап, жағдаймен танысады.  

А. Бектас