Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Серік Есматовқа қайырымды жандар көмек көрсетуде

  • AstanaTV
  • 24 қазан 2018
  • 5148

Қазақстандық «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, паралимпиада қатысушысы Серік Есматовқа қайырымды жандар 4 миллион теңге жиналыпты. Жақында әлеуметтік желілерден оның тұрмыстық жағдайын көріп-естіген қарапайым халық қаржы жинауға көшкен. Жас жігіт қоғамдық шараларға белсене араласады. Көпшілік оны мотивациялық жаттықтырушы деп таниды.  

Маған, әсіресе, осы жермен қыста жүрген өте қорқынышты. Кейде мұз қатып қалады, әкем қолынан келгенше тұз сеуіп, ерітіп отырады.  

Алматының ескі аудандарының бірінде орналасқан мына сүреңсіз баспанаға жету үшін көптеген баспалдақты бағындыруы тиіс. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген құрқылтайдың ұясындай үйде белгілі спортшы ата-анасы және екі ағасымен бірге тұрады. Ол әлеуметтік желідегі әдемі фотосуреттері, ашық- жарқын жүзімен және қоғамдық белсенді ретінде танымал. Ол тіпті былтыр «100 жаңа есім» жобасында жеңімпаздар сапынан көрінді.  

Серік ЕСМАТОВ, «100 ЖАҢА ЕСІМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: 

Менің күнделікті алдымнан күтіп алатын кедергі осы. Қалада еркін жүремін, кең ғимараттар, көшеде де ел-жұрт көмектескісі келіп тұрады. Бірақ үйге келсем көңіл-күйім түседі. Арбамен ары-бері айналудың өзі мұң. Таршылық қысып тұрады.

Серік өзінің осындай баспанада тұратынын достарына да айта бермейді. Шағымданғанды ұнатпаймын, дейді. Екі апта бұрын оның фотограф танысы үйіне келіпті. Ол паралимпиада қатысушысының тұрмысы туралы әлеуметтік желіге жазып жіберген. Мұны естіген ел қаржы жинауға кіріскен.    

Серік ЕСМАТОВ, «100 ЖАҢА ЕСІМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: 

Өткен екі аптаның ішінде қарапайым халық маған 4 млн. теңге аударды. Бұл мен үшін қомақты қаржы. Протез бен мүгедектік арбамды жаңартып алсам деп ойлап ортырмын, ақша артылса, үйге жөндеу жұмыстарына жұмсамақпын. Жаңа үй салуға жағдайымыз болмай отыр.

Серіктің ата-анасы қарапайым шаруа адамдары. Тапқан табыстары күнделікті азық-түлік пен коммуналдық төлемдерден артылмайтынын айтады. Ал, Серіктің көлденең табысы жоқ, мүгедектігі үшін алатын 54 мың теңге жәрдемақыны жұмсайды. Былтыр жеңілдетілген бағдарламамен үй алуға құжаттар жинаған. Бірақ , баспана тимепті.

Ардақ ЕСМАТОВА, СЕРІКТІҢ АНАСЫ:

Біз, иә оның ата-анасы ретінде жағдайын жасап, оны тарықтырмауға міндетті едік. Бюджеттік мекемде істегендіктен, аз жалақыға қарап өмір сүріп келдік. «7-20-25» немесе өзге де баспана алатын бағдарламаларға табысымыз жетер емес. Құжаттар өткізіп көрдік, бірақ мақұлдамай қойды.

Қалалық тұрғын үй басқармасының мамандары Серік Есматовтың баспана кезегінде екі жылдан бері тұратынын растады. Бірақ оның алдында әлі 5 мың адам өз кезегін күтіп отыр.

Ермек ӘМІРОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Серік Есматов деген кісі Алматы тұрғын үй басқармасында 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап кезекте тұр. Ол халықтың әлеуметтік осал топтар ішінде 1 топ мүгедегі ретінде тіркелген. Оның кезегі 5 мыңыншы болып тұр, Алматы қаласы бойынша сол санат бойынша 10 мың адам тұр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Серік волейболдан мүгедектер арасындағы ұлттық құраманың капитаны. Ол паралимпиада командасының құрамында қола жүлдеге ие болған. Соңғы кездері өзгелерге көмек беретін түрлі мотивациялық тренингтер арқылы танылғанымен, өзінің тұрмыстық жағдайы туралы жақ ашпаған. Сегіз жыл бұрын ойын баласы поездың астына түсіп, екі аяғынан айырылған.

Р. Асқарбекұлы