Русский Сайттың толық нұсқасы

Өңірлерге барған депуттартар Жолдауды түсіндіріп жүр

  • AstanaTV
  • 24 қазан 2018
  • 2649

Республика бойынша «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысы депутаттарды қуанта қоймады. Өңірлерде жүрген мәжілісмендер аталған бағдарлама бойынша пәтер алушылардың көрсеткіші көңілден шықпайтынын айтты. Халық қалаулылары банктерден баспана алушы адам саны тым төмен деп бағалады. Олар жолдау жүктеген тапсырманы жүйелі орындау үшін мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай орындалу керек,-деді. Аймақтарда аралап жүрген халық қалаулыларын тағы қандай тақырыптар толғандырып отыр? Данияр Әлімқұл толықтырады.  

Жамбыл жерінде жүрген депутаттар Жамбыл ауданының жастарымен кездесті. Онда мәжілісмендер «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысы қуанта қоймайтынын айтты. Олардың мәліметінше, облыс бойынша үй алуға үміттілерден тек 31 адамның өтініші қабылданған. Бұл көрсеткіш көңілден шықпайтынын айтып, банктердің жұмыс жүйесінде адамды әуре қылатын тұстары көп деп отыр. Ал, елімізде алдағы жыл «Жастар жылы» деп жарияланғандықтан, банктер бұл бағдарламаны баяу атқарып жатқанын сынға алды.   

Гүлнар БИЖАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Төмен көрсеткіш. Жалпы, республика бойынша бұл төмен көрсеткішті көрсетіп отыр. Несие тарихы дейді. Кезінде несие алып, оның бар болғаны 2-3 мыңы төленбей қалса, онда оларға «отказ» береді. Бұл енді дұрыс емес қой. Біз осы туралы «кейінгі бір жылдың ішінде ғана қаралу керек» деген ұсыныс береміз. Әйтпесе, 10 жыл бұрынғыны банктер қазір шектеу қылып қойып жатыр.

Бұқараның әлеуметтік мәселесін жақсарту ол біздің халыққа түсінікті тілмен маңызды құжатты түсіндіре алуымыздан басталады. Жетісу жерінде бір аптадан бері жолдауды насихаттап жүрген халық қалаулылары осындай пікірде. Зағипа Балиева, Бақытжан Ертаев, Нұрлан Дулатбеков бастаған жұмыс тобы Талғар ауданы тұрғындарымен кездесті. Әдеттегідей олар әлеуметтік мәселеге басымдық берілген маңызды құжаттың мәніне тоқталды.   

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Бұл Жолдаудың ең үлкен басты бағыты мынау жастарды қолдау. Өйткені, мемлекетіміз өте жас. Жастардан құралған, олардың баспана мәселесі, жұмыс мәселесі, жаңағы кәсіпкерлікті дамыту осылардың барлығы жолдаудың өн бойында көрсетіліп тұр.

Ал, Маңғыстау өңіріне барған мәжілісмендерге мұнай саласының қызметкерлері шикізат тапшылығын айтып, мұғалімдер мәртебесі туралы шағымданды. Мұнай-газ кешені үшін қажет жабдықтарды өндірумен айналысатын компания халық қалаулыларынан сыртқы нарыққа шығу үшін көмек сұрады. Депутаттар олардың базынасын жазып алды. Ал, мұнай компаниясында ертеңгі ел болашағы жастарға басымдық берілгені қуантты.

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Елбасы өзінің жолдауында келесі жылды «Жастар жылы» деп атауды ұйғарды. Мына компанияда 250-ден астам қызметкерлердің ішінде 60 пайыздан астамы жастар екен. Олар және жоғары санаттағы мамандар екен. Бұл өте қуанарлық жағдай.

Осылайша, облыстарды аралап жүрген депутаттар жолдау жүктеген міндеттердің мүлтіксіз орындалуын назарға алған. Олар әлі апта бойы аймақтарды аралап, бұқараның мұң-мұқтажымен таныспақ.

Д. Әлімқұл