Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда Құрманғазыға арналған халықаралық фестиваль өтті

  • AstanaTV
  • 25 қазан 2018
  • 4889

Күй құдіреті. Атырауда күй атасы Құрманғазының құрметіне ұлт-аспаптар оркестрлерінің халықаралық фестивалі өтті. Оған еліміздің түкпір-түпірі мен Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінен 15 оркестр қатысты. Күй мерекесін тамашалауға келген көрерменнен ине шаншыр орын болмады. Атырау аспанында үш күні бойы Құрманғазы әуені қалықтап, қала халқы бір рухани демалып қалды.   

Күй мерекесі Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің өнерімен ашылды. Еліміздің түкпір-түпірінен келген өнерпаздармен бірге Ресейдің «Скиф» квартеті, Өзбекстанның «Согдиана» мемлекеттік камералық, Қырғызстанның «Мөл-мөл» фольклорлық этнографиялық оркестрі Құрманғазының күйлерін төкті.  

Анарбай РАЙЫМХАНОВ, «МӨЛ-МӨЛ» ФОЛЬКЛОРЛЫҚ-ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ОРКЕСТРІНІҢ ОРЫНДАУШЫСЫ:   

Кіші құраммен келдік. 8 күйші орындаймыз. Құрманғазының 7 шығармасын алып келдік.

Ал, фестивалдің жабылу салтанаты ерекше қойылыммен басталды. Қазақтың сайын дала төсінде өмірге келген ұлы күйші Құрманғазының дүниеге келу сәті, өмір жолы сахналанды. Ұстазы Ұзақпен сырласуы, қазақ батырлары Исатай мен Махамбетпен кездесу сәттері көрініс тапты.  

Саламат САБЫР, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, АРХИВ ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Қарасаңыз қазір оркестрлер өте байып кеткен Құрманғазы репертуарымен. Сондықтан, бұл оркестрлердің, оркестранттардың бұдан сайын шеберліктерін шыңдай береді деп есептейміз. Және сондай деңгейде келіп отыр қазір. Жаңа форматпен, әдемі шабытпен.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, КӨРЕРМЕН: 

Құрманғазының даңқы алысқа кетті деген сөз. Ләйім бүгінгі мереке тек қана Атыраудың мерейі емес, Қазақстанның мерейі. Өнер өрлей берсін, халқымыз рухани өсе берсін дегім келеді.

600-ден астам орындаушы үш күн бойы Құрманғазының танымал туындыларымен қатар, сирек орындалатын күйлерін де тарту етті. Шараның басы-қасында жүргендер болашақта бұл күй мерекесін дәстүрге айналдыруды көзделіп отыр.  

Б. Нәдірқызы