Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңірінде вакцинадан кейін жануарлар ауруға шалдығып жатыр

  • AstanaTV
  • 25 қазан 2018
  • 3878

Қостанай облысында түйінді дерматитке қарсы егілген түліктер ауруға шалдығып жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, вакцинадан кейін сиырлардың желініне жара шығып, дене қызуы көтеріліп тұралап қалған. Кейбір жануардың терісі қабыршықтанып, түсуде. Ірі қараның басын сақтап қалу үшін мал иелері қымбат препараттар сатып алуға мәжбүр. Жергілікті мамандар тері індетіне қарсы салынған екпенің кері әсерін жасырмайды. Заңғар Санай жалғастырады. 

Нелюфар Шарипова «Ырыс» бағдарламасы бойынша көктемде несие алып, ірі қара басын көбейткен. Бір ай бұрын қорадағы түліктің түгеліне түйінді дерматитке қарсы екпе салынған. Вакцинадан кейін сауын сиырлары белгісіз дертке шалдығып, көтерем боп қалыпты. Енді жаз бойы тапқан табысын мал емдеуге жұмсап жатыр. 

Нелюфар ШАРИПОВА, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Күніне 14-15 литр сүт беретін. Өткен жылы 220 мың теңгеге көршімнен сатып алып ем. Тынысы тарылып, демігіп тұр. Енді не істерімді білмеймін. Үш күннің ішінде 240 мың теңгеге антибиотиктер сатып алдым.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ: 

Ауылдағы түліктің 30 пайызы ауруға шалдыққан. Вакцинадан кейін сауын сиырлардың сүті азайып, табындағы тайынша, таналар арықтап жүре алмай қалған. Әзірге бір бұзаудан басқа мал шығыны жоқ,-дейді тұрғындар.

Арман ТЫНЫШТЫҚОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: 

Бір сиырым әйтеуір аман сау қалды. Екінші сиырым осы жақын арада әрең тұрды.Үш-төрт күн жатып. Соған екпе салып елу мыңдай ақша кетті.

Ауыл шаруашылық министрлігінің бұйрығымен биыл алғаш рет еліміздің бес аймағындағы түлікті түгел түйінді дерматитке қарсы егу науқаны жүргізілді. Мәселен, Қостанай ауданы бойынша 43 мыңнан астам ірі қараға екпе салынған. Вакцинадан кейінгі ахуалды ветеринария бөлімі бақылауда ұстап отыр. 

Асылан ӘМІРЕНОВ, ҚОСТАНАЙ АУДАНДЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Вакцинаға организмнің табиғи әсері жүріп жатыр. Яғни, иммундық денелер қалыптасуда. Егер, біз емдеу шараларын жүргізетін болсақ, вакцина қауқары жойылып кетуі мүмкін. Ал, жануардың вирусы қозып, ауруы асқынған жағдайда антибиотиктермен немесе індетке қарсы дәрі-дәрмекпен емдеп алуға болады.

Аудан бойынша алпысқа жуық ірі қара вакцинадан кейін ауруға шалдыққаны анықталып отыр. Егер, жануар нақты екпенің зардабынан арам өлсе, мал иесіне өтемақы төлеу мәселесін қарастырамыз,-дейді жергілікті шенеуніктер. 

З. Санай