Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда картоп бағасы арзандап, шаруалар белшеден шығынға баттық,-дейді

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2018
  • 2772

Қызылжарда картоп бағасы арзандап, шаруалар белшеден шығынға батып жатыр. Көкөніс бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе арзандаған. Тіпті, картопты кәсіпкерлер алқаптардан жиып-термей тастап кетіп жатқан көрінеді. Бағаның түсуіне не түрткі болды? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин шаруашылықтарда болып қайтты.  

Көкөніс базарында таңсәреден жұрт сапырылысып жатыр. Себебі, мұнда картоп 40 теңгеден сатылады. Базар аралауға шыққан Анатолий Ксендзов қысқа көкөніс қорын қамдап алмақ. 

Анатолий КСЕНДЗОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ: 

Қырық теңге қымбат емес. Былтыр қымбаттау болған. Мен екі қап алдым. Биыл картопке тоятын болдық енді.

Қолайлы ауа райына байланысты биыл солтүстік қазақстан мол өнімге алды. 37,5 мың гектар алқапқа картоп егіліп, 580 мың тоннадан артық картоп жиылған. Таяқтың бір ұшы, кәсіпкерлердің табысына тиді. Былтыр өнімнің көтерм бағасы 60-70 теңгеден болса, биыл екі есе төмендеген. Шаруалар бақыр тиынсыз қалдық деп отыр.   

Александр ДМИТРИЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ: 

Мен биыл 61 гектар аумаққа картоп ектім. Соңғы бірнеше жылдың ішінде осы жұмысқа жұмсаған 40 миллион теңгемді қайтара алмай отырмын. Табыс туралы әңгіме мүлде қозғалып отырған жоқ. Мемлекеттен қолдау жоқ. Картоп егу саласы тығырыққа тірелді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Картопты еккеннен гөрі, оны жинау әжептәуір шығынды қажет етеді. Бүгінде нарықта қалыптасқан баға, яғни 30 теңге, шаруаларды қызықтырмайтын көрінеді. Кәсіпкерлердің еңбегі ақталмаған соң, олар кейбір алқаптарды жинамай, халыққа бере салған. Мәселен, Бескөл ауылының маңайындағы мына бірнеше гектар жерде жергілікті тұрғындар тегін тарту етілген картопты теріп әлек.

Тұрақтандыру қоры да әу бастан қыстың қамын ойлап, қоймаларын картоппен толтырып үлгерген. Өнім бағасы арзан болған соң, бюджет қаржысы шамамен 14 миллион теңгеге үнемделген.  

Ғамали ЖҰМАШОВ, «СОЛТҮСТІК» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Биыл тұрақтандыру қорына картоптың 500 тоннасы 32 теңгеден сатып алынды. Былтыр оны 60 теңгеден алдық. Баға өсе бастаған кезде біз өз тауарымызды базарларға шығарып, бағаның шарықтауына кедергі жасаймыз. Тұрақтандыру қоры өнімді нарықтық бағадан 30 пайызға арзан етіп сатады.

Барлық ойыншылар ұту үшін, шаруалар саланы субсидяилауды сұрайды. Әйтпесе, катроп өсірумен айналысатындар саны күрт азаюы мүмкін. Александ Дмитриев Египет пен Пәкістаннан келетін импорт соққы деген пікірде. Ал, отандық картоп экологиялық таза өнім. Сондықтан, бағасы 150 теңгеден кем болмауы тиіс,-дейді.

А.Құрманкин