Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы 10 жыл болған аудан халқы салғырттыққа шағымданады

  • AstanaTV
  • 30 қазан 2018
  • 4955

Алматыда «Ұлжан» ықшам ауданы тұрғындары кейбір өркениет игілігін 10 жылдан бері көре алмай келеді. Осы жылдар аралығында Алатау ауданының инфрақұрылымына 400 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Бұл туралы аталған ауданның 10 жылдық мерейтойында айтылды. Алайда, халық тығыз орналасқан «Ұлжан» шағын ауданының халқы жауын жауса балшық, күн жылыса, шан-тозаңға айналатын көшелердің жағдайымен титықтағандарын айтады. Мәселенің мән-жайына Ришат Асқарбекұлы үңіліп көрді. 

«Ұлжан» ықшам ауданы осыдан 15 жыл бұрын құрылған. Кейін Алатау ауданының құрамына өтті. Мектеп, балабақша және аурухана жаңадан салынған. Бірақ, осы күнге дейін кәріз желісі, ауыз суы мен жолдары реттелмей келеді. Былтыр қарашада шағын ауданға кәріз құбырлары мен ауыз су тартылып біткен. Бірақ, арада бір жыл өтсе де 30-ға жуық көшенің жағдайы адам көргісіз.      

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Қалтарыстағы көшелерді айтпағанда, елді-мекендегі орталық жолдардың өзі ойдым-ойдым болып жатыр. Әсіресе, қараңғыда адамдардың жүруіне қауіпті шұңқырларды жамауға, ең құрығында мынадай қауіпсіздік жолақтарын тартуға ешкім асығар емес.

Айбек ҰЛЫМБЕТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ «ҰЛЖАН» ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Осыны жасаған адамдар бәрін жөндейміз деді. Кетті, бәрі қалды. Қайта бұрын ақша шығарып, асфальтті жасағанбыз. Бұлар бүлдіріп кетті, қайта ақша шығарып жатырмыз.

Майра ҚАЛЕШҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ «ҰЛЖАН» ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Халықтың жағдайын көрдіңдер. Алатау ауданына әкімдікке барсаң, кіргізбейді. Барсақ әкім жоқ деп охранник кіргізбейді. Суды кіргізейік десек, айтты, мынау тартылған канализация дұрыс болмай қалды деп. Рұқсатсыз кіргізсең болмайды,-деді.

Елді мекенге әрең жеткен кәріз құбырлары мен ауыз суға халық әлі қосыла алмай отыр. Себебі, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы салғырттыққа жол берген. Жоба бойынша 110 млрд теңгеге 450 үйге коммуникация тартылып, артылған ақшаға көшелерге асфальт салынуы тиіс болған. Алайда, тапсырыс беруші-энергетика басқармасы тағы 800 үйді есепке алмай кетіпті. Осылай деген мердігер компания өкілі құбырларды қайта салуға мәжбүр болғандарын айтады.      

Нұрлыбек, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ: 

Сондай шешім қабылданды, оны қаладағы Энергетика басқармасы, яғни тапсырс беруші істеді. Бүкіл үйді қосасыңдар деді бізге. Бірақ, ақша жетпегендіктен жол жөндейтін асфальтты алып тастадық. Ол корректировка жасалып, енгізілген, солай қол қойылған.

Әбіл АЛДИЯРОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Бұл шағым бойынша Энергетика басқармасы су және кәріз жүйесін аяқтаған соң, Алматы жолаушылар көлігі басқармасына тапсырыс берілді. Ол бойынша 2019 жылы асфальт салу жоспарға кіргізілді.

Өткен жұма күні қала жұртшылығы Алатау ауданынының 10 жылдығын салтанатпен атап өтті. Мұндағы халық 250 мың адамға жеткен. Ал ауданның дамуына осы жылдары 430 млрд. теңге жұмсалыпты. Алайда, инфрақұрылымға кетті деген миллиардтар «Ұлжан» шағын ауданының көшелеріне қашан жететіні белгісіз.  

Р. Асқарбекұлы