Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжар өңірінде синтетикалық есірткі тұтынушыларының саны артып барады

  • AstanaTV
  • 30 қазан 2018
  • 4320

Қызылжар өңірінде синтетикалық есірткі тұтынушыларының саны артып барады. Тек биылдың өзінде 120 нашақор анықталған. Бүгінде есірткі әлеуметтік желі арқылы кең таралып кеткен. Полицейлер алып-сатарларды ұстау қиынға соғатынын айтады. Дендеп бара жатқан мәселені тәртіп сақшылары қалайша тыймақ? Жастарды жаппай жаулап жатқан дерт жөнінде тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.  

Петропавлдың 17 жасар тұрғыны Роман синтетикалық ескірткілердің дәмін 4 жыл бұрын тата бастаған. Жеңіл-желпісінен бастап, кейін әсерлі түрлеріне көшіпті. Енді денсаулығы сыр беріп, наркологиялық диспансерге осымен үшінші рет түсіп отыр.  

Роман: 

14 жасымда тартып көрдім. Қан қысымы көтеріліп, басым айналды. Араға екі жыл салып басқа түріне көштім. Денсаулығым нашарлап кеткендіктен, диспансерге өзім жаттым. Емделіп болған соң, адам құсап өмір сүргім келеді.

Наркологиялық диспансерде дәрігерлер науқастардың денсаулығын ғана емдемей, психикалық-сезімін қалпына келтіреді. Ақ халаттылардың айтуынша, синтетикалық ескіртіні қабылдайтын нашақорлардың саны жылдан жылға көбейіп барады. Тек биылдың өзінде 120 адамға көбейіп, барлығы 750-ден асқан.  

Галина АНДРЕЕВА, ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ДИСПАНСЕР МЕҢГЕРУШІСІ: 

Синтетикалық есірткіні көбіне жасөспірімдер қабылдайды. Себебі, олардың психикалық сана-сезімі қалыптаспаған. Бізге науқастар апта сайын түсіп отырады. Кейбіреулерінің жүрек қағысы секундына 140-қа дейін барады. Бұдан адам өліп кетуі мүмкін.

Қазір нарықта героин тапшы. Сондықтан, нарколог дәрігерлер осыған дейін героин қабылдап келген нашақорлар да қазір синтетикалық есірткілерге көшіп жатқанын айтады. Әлеуметтік желіде оның саудасы қызып тұр.  

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Ал, олардың электронды мекен-жайларын нашақорлар жұрттың көзін бақырайтып қойып, кез келген жерге граффити арқылы жазады екен. Мәселен, мына гараждардың арасында жарнама үш бірдей жерде белгіленген. Зиянды заттарды насихаттағаны үшін нашақорларға есірткі тегін берілетін көрінеді.

Өткен демалыс күндері полицейлер шаһардың 22 жасар тұрғынын заңсыз жарнаманы жасап жатқан жерінен ұстаған. Енді ол заң алдында жауап бермек.  

Дулат МҰХАМЕТРАҚЫМОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Граффити арқылы есірткіні жарнамалаған қыз бала әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттың шешімі бойынша ол айыппұл төлемек. Жалпы, жыл басынан бері есірткіні анықтаудың 57 фактісі тіркелді. Синтетикалық есірткінің 1,5 келісі тәркіленді. Сондай-ақ, есірткіні сататын 50-ден астам сайт жабылды.

Қазіргі таңда әлемде синтетикалық есірткінің 800-ге жуық түрі бар. Ал, біздегі заңнамада оның шамамен жартысы ғана тіркелген. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, синтетикалық есірткілердің тізімін Парламент пен мемлекеттік органдар бекітеді. Демек, оны жаңартуға жарты жылдай уақыт кетеді екен. Министр жұмысты жеңілдету үшін Үкімет қаулысымен шектелуді сұрайды. Бас полицей бұл «спайс» пен «тұздың» лезде таратылуына кедергі болар еді деп отыр.    

А.Құрманкин