Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдықтар Сирияға кеткен балаларын қайтару үшін Үкіметтен көмек сұрап отыр

  • AstanaTV
  • 30 қазан 2018
  • 3508

Оралдықтар Сирияға кеткен балаларын қайтару үшін құзырлы органдардың көмегін сұрап отыр. Жат жерде жүрген балаларының амандығын біле алмай, құсадан қан жұтқан ата-аналардың қатары бүгінде 15-ке жеткен. Көбісі балаларының қаза болғаны туралы хабар алған. Дегенмен,жаманатқа көңілі сенбейді. Енді олар балаларының артында қалған немере-жиендерінің елге қайтарылуын өтініп отыр. 2013 жылы әйелі мен алты айлық баласын алып, Сирияға кеткен Айнаш Төрееваның ұлы екі жылдан кейін қаза тауыпты. Қамкөңіл ана енді немерелеріне іздеу салады.  

Айнаш ТӨРЕЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Документтері жоқ, тамақтары жоқ. Күнде соларды бомбалап жатыр. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз ба, көмектесші деп жылап сұрайды. Бірінші Алладан сұраймыз, екінші үкіметтен сұраймыз. Артында қалған немерелерімізді қайтарса екен деп. Бүкіл Орал облысында 15 ата-анадай отырмыз. 

Бүгінде қанша оралдықтың соғыс ошағына аттанғаны белгісіз. Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Төлепов бұл деректің құпия екендігін айтады. Дегенмен 2013 жылдан бері оралдық төрт келіншек балаларын ертіп, елге кері оралған. Радикалды көзқараста болған бұл әйелдер осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуіне еріп, шетелге кеткен екен. Енді райынан қайтқан отандастарымызға психологтар мен заңгерлер көмек көрсетіп жатыр. Дін істері басқармасы өкілдерінің сөзінше, жат жерден жұмақ іздеп адасқандардың арасында жұмыссыздар ғана емес, кәсіпкерлер де бар көрінеді. Егер олар шетелде қарулы қақтығысқа қатыспағандары дәлелденсе, жазаланбайды.   

Азамат ТӨЛЕПОВ, БҚО ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: 

Ол жақтан келгендермен әсіресе, психологиялық, құқықтық, теологиялық көмектер көрсетіледі. Мектеп жасындағы 2,3 сыныпта оқитын балалар болғандықтан, олардың балаларының ешқандай да жат, дұрыс емес психологиялық көзқарастары жоқ. Дұрыс, қалыпты, дағдылы, біздің зайырлы қағидаттарды қолдайтын балалар. 

Е. Карин