Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылдағы республикалық маңызы бар жол келер жылы жөнделмек

  • AstanaTV
  • 31 қазан 2018
  • 3488

Жамбыл облысындағы тоз-тозы шыққан Мойынқұм ауданындағы республикалық жол келер жылы көктемде жөнделе бастайды. Ол үшін Қытай банкінен қарыз алынбақ. Бұл туралы «Қазавтожол» ұлттық компаниясының Жабылдағы мамандары мәлімдеді. Әзірге тасбақа аяңмен өтіп жатқан көліктер жолда сынып, жүргізушілерге жол азабын тарттырып келеді. Данияр Әлімқұл толықтырады.   

Арқан бойы созылған автожол Астана мен Алматыдан бастап, бірнеше облыс орталықтарын байланыстырады. Тіпті, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанға өтетіндер де осы жолмен жүреді. Азапты жолмен жүріп апатқа ұшырап жатқандар да аз емес. Жүргізушілердің бірі күре жолдың шұрық-тесігінен қашамын деп картоп тиелген «Камазбен» аударылып қалғанын айтты.  

Ибрагим МҰХТАР, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:  

Әр шұңқырға түседі. Оның тереңдігі 15 см. Осыдан бәрі жарылады. Мына диск жарылып, машина былай қарай аударылды.

Қайрат КӨКІШЕВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:  

200 шақырымға жуық жол нашар. Қотыр, жүру мүмкін емес қой. Баллон жарылады, машинаның «ходовойы» шашылады, пардонын теседі. Небір шұңқырлар бар, түнде жүру мүмкін емес. 200 шақырымды шамамен 5-6 сағатта жүреміз. Ұят дүние ғой әрине, көп уақытың осы жолда өтеді ғой.

Жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» компаниясының мамандары 270 шақырым жолды қайта қалпына келтіру үшін құжаттарын реттеп жатқанын айтты. Олардың мәліметінше, тәулігіне 4 мың көлік қатынайтын автожол сонау 1970 жылдары салынған. Содан бері бірде-бір жөндеу көрмепті. Күрделі жөндеу келер көктемде жүргізіледі. Басым бөлігі 4, қалғаны 2 жолақты жаңа жолға жұмсалатын қаржыны Қытайдан қарызданып алмақ.  

Айжан ТУҒАНОВА, «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚ ҰК ЖОФ ҚҰРЫЛЫС ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:  

«Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолына несие есебінен жөндеу жүргізіледі. Жолға жұмсалатын қаржының 85 пайызын Қытай банкі несие түрінде аударады. Ал, 15 пайызын республикалық бюджет бөледі. Бірақ, біз бұған қанша қаржы кететінін алдын ала айта алмаймыз. Өйткені, оны сметалық құжаттарға қарап, мемлекеттік сараптама анықтайды.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:  

Алайда, қырық жамау жолдың азабын тартқандар оның жақын арада түзелеріне сенбейді. Өйткені, 48 жылдан бері мәселе көтерілгенімен, шешілмей келеді деп отыр.

Д.Әлімқұл