Жыл сайын Қазақстанға Кувейттен 70 мыңға жуық турист келе алады. Бұл жайында осы елдің туризм секторының өкілі Юсеф Мұстафа Абдулла хабарлады. Былтыр Шығыс Орта елінің осыншама азаматы Әзірбайжанда болған екен. Біздің ел де табиғатының әсемдігі жағынан Кавказ тауларының баурайындағы елден кем түспейтіні анық. Ал, Кувейтің өзі шөлейтті аймақта орналасқан. Халқының дені бір қалада-осы елдің астанасы Әл-Кувейтте тұрады. Күн қатты ыстық болғандықтан тұрғындары автомобиль немесе қоғамдық көлікпен ғана жүреді. Сондықтан, Қазақстанның орманды алқаптарын жаяу аралап, таулы қыраттарында шаңғымен сырғанау бұл ел туристері үшін қызық болатыны анық. Оның үстіне елімізде кең тараған сұңқармен аң аулау кәсібі де әрбір арабтың сүйікті ермегі екені белгілі. Алайда, бұл елден келетін туристердің саны әлі де көп емес. Басты қиындық-виза алу көрінеді.
Юсеф МҰСТАФА АБДУЛЛА, КУВЕЙТ МЕМЛЕКЕТІ ТУРИЗМ СЕКТОРЫНЫҢ ӨКІЛІ:
Сіздің елге кіруге қажетті виза алу өте күрделі меселе. Сондықтан, менің отандастарым Қазақстанға жиі бара алмайды. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын Әзірбайжан мемлекеті кувейттіктер үшін виза алуды жеңілдетті. Енді оны әуежайда-ақ ашуға болады. Осыған орай, Бакуге баратын арабтардың саны да соңғы жылдары күрт артты.
Қазір Кувейт өз мұнайынан түсетін пайдадан бөлек, ел қазынасын туризммен де толықтырмақшы. Былтыр 4 миллион халқы бар елге келген саяхатшылар саны 7 миллионнан асыпты. Осы саладан түскен пайда ел қазынасын бір жылда-ақ жарты миллиард кувейт динарына, яғни 600 миллиард теңгеге байытқан. Көбіне Шығыс орта еліне Сауд Арабиясынан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман сынды мемлекеттен туристер келеді. Оларды әлемге әйгілі Кувейт мұнаралары, әсем мешіттер мен сауда орталықтары қызықтыратын көрінеді.