Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясының аймақтардағы филиалдары есеп беру конференциясын өткізді

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2018
  • 3813

«7-20-25» бағдарламасы бойынша жеңілдікке ие болатындардың қатары артуы мүмкін. Мемлекеттік субсидия тек жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне ғана берілмейді. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезекті ХХХV конференциясында, партия хатшысы Қаныбек Жұмашев айтты. Айта кетейік, Түркістан қаласында 336 пәтерлі алты көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған. Қарашаның соңына дейін дайын тұрған 32 пәтерде қоныс тойы тойланбақ. Қазір өңір өңірлерде бағдарламаға қатысатын азаматтардың тізбесі әзірлену үстінде.  

Қаныбек ЖҰМАШЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ: 

Әрине, жағдайы жақсы азаматтарға мемлекеттік бюджеттен субсидиялау болмайды. Бұл жағдайы жоқ, қаржы жинай алмайтын, жалақысы төмен, аз қамтылған отбасы өкілдері болуы мүмкін. Соларға субсидиялау механизмдерін қарауға болады. Бұны әр өңір өзінің жағдайына, спецификасына қарап шешеді деп ойлаймыз. Бірақ, бұл жұмыста алға басу болуы керек. Бұл осы қараша айының соңында байқалуы тиіс.

Ал, партияның Алматы облыстық филиалы 2017-2018-ші жылдары атқарылған жұмыстарды пысықтады. Шараға арнайы келген партия хатшысы Фархад Қуанғанов «Робототехника мен 3Д модельдеу» бағыты бойынша ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Жарғысына сәйкес саяси кеңестің ашық отырысы өтті. Партия Хатшысы Президент Жолдауында белгіленген нақты міндеттерді орындауда күш жұмылдыруға шақырды. «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында «Нұр Отан» партиясы ішкі саяси жұмыстарын сандық жүйеге көшіруді мықтап қолға алған.  

Қуат БАЙҒОЖАЕВ , «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫ МҮШЕСІ:

Өзіміздің ең бірінші жұмысымыздағы қоғамдық қабылдау -электрондық қабылдау, деректерді жүйелеу, ашықтық мәселесі осы «Цифрлы Қазақстанмен» жұмыс жасап жатырмыз.

А. Төребекқызы