Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайдағы үлескерлер 5 жылдан бері баспана ала алмай жүр

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2018
  • 3696

Ал, Қостанайда сексенге жуық отбасы баспанасын ала алмай жүр. Үлескерлер 2013 жылдан бастап жергілікті серіктестікпен келісім-шарт жасасып, кейбіреуі пәтердің құнын түгел төлеген. Бірақ, 5 жыл өтсе де тұрғындарға төрт бұрыш бұйырмай тұр. Амалы таусылған салымшылар арнамызға шығымданды. Ал, құрылыс компаниясының құрылтайшысы бір жылдың ішінде 9 қабат үйді толық салып бітіреміз дегенді айтады.  

Галина Ханевич қала орталығындағы құрылысқа алғаш ақша салғандардың бірі. Зейнеткер 2013 жылы бір бөлмелі пәтердің құнын толық төлеп қойғанын айтады. Кейін құдағиын көндіріп, жинап отырған 6 миллион 500 мың теңгесін үй салушының есеп-шотына аудартқан. Енді екеуі де не баспана, не ақша жоқ, туыстарын жағалап жүр.

Галина ХАНЕВИЧ, ҮЛЕСКЕР: 

Пәтерді 2013 жылы сатып алдым. 100 пайыз ақшасын төледім. Сол тұста 63 жаста едім. Келесі жылы жетпіске толам. Құрылыстың қарқынына қарасам әлі 5 жыл салынатын секілді. Осы үйден пәтер алуға құдағиымды көндіргеніме қатты өкінемін.

5 жыл бойы құрылысқа жауапты «Классика кз» серіктестігінің құр уәдесіне сеніп келген Әсел Ахметова, сотқа жүгініпті. Сот үй салушыдан үлескердің қаражатын өндіру туралы шешім шығарған. Бірақ, әл күнге дейін ақшасын ала алмай жүргенін айтады. 

Әсел АХМЕТОВА, ҮЛЕСКЕР: 

Мен мынадай жағдайға тап болдым. Құшмұрын кентінде тұратын әйел мен менің қолымдағы құжат бір пәтердікі екен. Яғни, екі адамға бір үйді сатқан. Бұл алаяқтық ғой. Әлгі әйел екеуміз күн сайын Калугиннің кеңсесіне барып,ақшамызды қайтаруды талап етіп жүрміз.

Құрылыс компаниясы кейбір салымшылардың қаражатын қайтаруға міндеттелгенін жоққа шығармайды. Десек те, нақты қай кезде үлескердің ақшасын беретінін айтқысы жоқ. Ал, құрылыстың тоқтап қалуын екі жыл бұрынғы валюта бағамының ауытқуымен байланыстырып отыр.

Юрий КАЛУГИН, «КЛАССИКА КЗ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Қаржылық қиындықтарға байланысты осындай жағдайға тап болдық. Айналымдағы ақшаны толтыра алмай қалдық. Соның салдарынан құрылыс қарқыны бәсеңсіп,пәтерден бас тартқан салымшылар саны көбейді. Сот арқылы соларға 100 миллион теңге көлемінде ақша қайтардық. Былтыр тек салымшылардың ақшасын қайтарумен айналыстық деуге болады.

Көптен бері құрылысы аяқталмай тұрған көпқабатты үйге қатысты журналистерге облыс әкімі жауап беруіне тура келді. Архимед Мұхамбетовтың айтуынша, бұл іспен қазір құзырлы органдар айналысып жатқан көрінеді.

Архимед МҰХАМБЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Облыстық прокуратура тексерісті аяқтап жатыр. Біз мердігерге межелі уақты берген едік. Бірақ ол істі тындырмады.Енді біз құрылысты толық аяқтау үшін қанша қаражет қажет екенін есептеудеміз. Құрылысты демеушілердің қаражатына өзіміз аяқтаймыз.

Алайда, мердігер құрылысты өзім аяқтаймын дейді. Директордың сөзінше тоғыз қабатты үйдің құрылысын толық бітіру үшін кемінде 150 миллион теңге керек. Қомақты қаражат бар. Юрий Калугин көпқабатты нысанды келесі жылдың тамыз айында қолданысқа береміз деп сендірді.

З. Санай