Русский Сайттың толық нұсқасы

IMEI-кодтарды тіркеу телефон ұрлығын тыя ма? Динаның телефонын іздегендеріне 3 ай

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2018
  • 7026

Елімізде IMEI-кодтардың базасы жасалып жатыр. Телефондағы 15 белгіден тұратын сан. Егер оны тіркетпесе, алдағы жылдан бастап абонент байланыстан ажыратылады. Билік мұны «терроризммен күрес аясындағы және телефон ұрлығын болдыртпау жолындағы шара» деп түсіндіреді. Адамдардың «тіркеу» дегеннен қашқақтайтыны түсінікті. Есігіңде құлып жоқ сияқты әсер. Дегенмен «жеке мәліметтердің құпиялылығы қайда қалады?» - дегенге: «Әңгіме тек біртұтас мәліметтер базасын құру туралы ғана, шын мәнінде органдар мәліметтер базасына бұрыннан кіре алады», - деп отыр. Тек бұрын тиісті органдар мәлімет алу үшін уақыт жоғалтатын, енді мысалы, телефон табу тез және тиімді болады, себебі кімде қандай телефон бары жазылып тұрады, дейді. Дегенмен жеке бастың мәліметі сыртқа шығып кетпей ме, адамның өзіне қарсы қолданылмай ма? Еске бірден Сноуден оқиғасы түседі. Эдвард Сноуден Американың Ұлттық қауіпсіздік агенттінде жүйелік әкімші болып істеген, қаншама құпия файлдарды жарыққа шығарып, елінен қашып кетуге мәжбүр болды. «Сіз сұрақ туғызатын ешнәрсемен айналыспассаңыз да, сізді бақылап отырады. Бір күні сіз күдікке ілінесіз, сонда сіздің мысалы, досыңызбен арадағы әңгімені табады да, артынан сол информация негізінде сізді қылмыскер қылып шығара салады», деген ол. Иә, террормен күрестің адам бостандығына барып тірелетін тұстары... Әлішер Өмірзақтың материалы.  

Полицияның айтуынша, ұялы телефон ұрыларымен күрес жыл сайын күшейіп келеді. Дегенмен ұрланған телефондар саны азаятын емес. Елімізде жиі кездесетін ұрлық түрі де осы, ұялы телефон ұрлығы. Өткен жылдың өзінде 17 мыңға жуық телефон ұрланған. Енді қылмыскерлерді тоқтату үшін бір амал бар деп, «телефонды тіркеу» жүйесін енгізгелі отыр. Алғашында тек IMEI кодын тіркеу керек болған, кейіннен нарықта бірдей IMEI коды бар телефондар кездескесін, жеке сәйкестендіру нөмірі мен телефон нөмірін қоса тіркеуді ұсынды.

Ержан ТОҚТАҒҰЛОВ, ҚР АКМ БАЙЛАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ: 

Телефонды тіркеу телефон ұрлығын азайтады. Ұрланған телефонды басқа адам қолдану үшін өз атына тіркеуі қажет. Осы кезде базадан оның ұрланған екені анықталады. Себебі ол өзге адамның жоғалған телефоны болып тіркеуде тұр. Ал телефон қолданушысынан жиналған ақпарат арнайы базада жинақталады. Ол базаны құқық қорғау органдары ғана керек жағдайда аша алады.

Полиция жоғалған телефонды бұрыннан IMEI коды арқылы іздейді. Дегенмен телефоны бәрібір табылмағандардың қарасы көп. 

Дина ЛАЙЫҚОВА, СТУДЕНТ: 

6 шілде күні жұмыс орнымда менің телефонымды белгісіз адам ұрлап кетті. Камерадан қарағанда барлығы толық көрінді. Сол күні арыз жаздым, кеш болмасын деп. Полиция қызметкерлері келді, тексерді. Бір-екі күннен кейін хабарласамыз деді. Содан кейін мен оларға өзімнің IMEI кодымды бердім, айфонды имей кодпен табуға болады ғой. Телефонымды жазып алды, біз сізбен хабарласамыз деп. 3 ай өтті. Ешқандай мәлімет жоқ. Мен хабарлассам, дұрыс жауап беремейді.

Телефон ұрлайтындар ақымақ деп кім айтты? Олар телефонды бөлшектеп сатуды жөн көреді. Бұл да аз ақша емес. Бөлшектенген телефонды IMEI код арқылы табу да мүмкін емес. 

Максим ЯКИМЕНКО, ТЕХНОБЛОГЕР: 

IMEI код арқылы телефонды табуға болады. Егер оны ұрлаған адам өзгертпесе. Алайда ұрлықпен айналысып үйренген адам оны міндетті түрде ауыстырады. Немесе бөлшектеп сататын болса телефонды табу мүмкіндігіңіз нөлге тең. Сондықтан имей кодты тіркеу сізді телефон ұрыларынан толық қорғайды деген сөз емес 

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ: 

Алдағы қаңтар айынан бастап Сіз телефоныңыздың IMEI коды, жеке сәйкестендіру нөміріңіз бен телефон нөміріңізді тіркетпесеңіз, байланыстан ажыратыласыз. Ал тіркегеннен кейін телефоныңыз арқылы қайда барғаныңыз, кіммен не сөйлескеніңіз арнайы базада сақталып отырады. Бұған қарсы шығып жатқандардың да қарасы басым. Жаңа жыл басталған түні сапалы байланыспен қамтамасыз ете алмайтын ұялы байланыс операторлары біз жайлы жиналған ақпаратты қалай құпия сақтап қала алады? Жеке өміріміздің жалпыға әйгілі болғанын, өзіме тиесілі кеңістіктің қадағаланғанын қаламаймыз дейді олар.

Дос ИЛЬЯШЕВ, ЗАҢГЕР: 

Ақпарат жиналатын базаны оңай бұзуға болады. Мысалы, мемлекеттік "Күнделік" сервисі. Оны бұзғаннан кейін 5 күн жұмыс істемеді. Халыққа қызмет көрсету орталығынан да ақпараттар ұрланған болатын. Оны істеген қарапайым қызметкерлер етін. Біздің елде бұл саладағы мамандар мықты емес. Мен де өзімді бұлай қадағалағанын қаламаймын. Достарым да қаламайды.

Халықтың еркіндігі маңызды дейтін АҚШ-тың өзі азаматтарының күнделікті өмірін ақпараттық коммуникация жүйелері арқылы бақылауда ұстайтынын Эдвард Сноуден әлемге әшкере еткенде, көпшілік жағасын ұстаған болатын. Ал АҚШ оны 2001 жылғы террорлық шабуылдардан кейін мемлекет қауіпсіздігі үшін қолға алғанын айтты. Дегенмен одан кейін де болған террорлық әрекеттер көп адамның өмірін жалмаған болатын.  

Алексей БЕНДЗЬ, «BEELINE-ҚАЗАҚСТАН» КОРПОРАТИВТІК БАЙЛАНЫСТАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Бұл база, бұл тіркеу болмаса да, сіздің смартфоныңызда белгілі қосымшалар бар, олар сіз туралы бүкіл ақпаратты айтып бере алады. Қайда болдыңыз, кіммен кездестіңіз, кіммен сөйлестіңіз, егер біреу мұны қатты білгісі келсе, онда бұл базаны бұзбай-ақ, басқа бағдарламалар арқылы анықтап алады.

Ұялы телефонды тіркеу Түркия, Әзірбайжан, Украина секілді елдерде де қолданылып келеді. Украинада өз азаматтарының шетелден сатып алатын телефондарының санын білу үшін. Яғни нарықты бақылау мақсатында. Ал Түркияда жағдай сонда баратын қонақтар үшін қиындау. Егер сіз өз ұялы телефоныңызды Түркияда қолданамын десеңіз, тіркеуіңіз қажет. Ол үшін арнайы қаражат та төлейсіз. Сонымен қатар сіз шет елден 2 жылдың ішінде тек 1 ғана телефон сатып ала аласыз. Ауыстырғыңыз келсе, елдегі телефондарды алуыңыз шарт. 

Невзат УЯНЫК, ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ: 

Біздің елде телефонды тіркеу бұрыннан қолданылып келеді. Оған негізгі себеп терроризм мен экстремизмнің алдын алу. Ондай қылмысқа баратындар жыл сайын жоспарларын өзгертіп отырады. Сондықтан бұл жүйенің қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын білмеймін. 

Мемлекеттің дамуы үшін негізгі факторлардың бірі - билік пен халық арасында сенімнің болуы. Телефон ұрлығын тыю үшін керек шара дегенге тұрғындар онша сенбейді. Ал мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де бағытталған қадам дегенге не айтсын...   

Әлішер Өмірзақ "Біздің уақыт"