Русский Сайттың толық нұсқасы

Құрық порты - еуропалық нарыққа «әнебір көршісіз» дәліз ашылды

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2018
  • 2625

Еліміздің батысындағы Құрық порты жылына 4 млн тоннаға дейін жүк жөнелте алады. Өткен тамыз айында ашылған Құрықтан жүк Бакуге, одан әрі Түркияға, сөйтіп Босфор бұғазы арқылы Еуропаға тасымалданып жатыр. Порттың жыл он екі ай істеуіне табиғат мұрсат береді. Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 4 жыл бұрын Боржақты-Ерсай темір жол желісінің құрылысы басталған. Сол, Құрық портына жүк жеткізетін. Құрылыс аяқталғалы бері 16 шақырымдық темір жол Құрықты темір жол магистралімен байланыстырып, Маңғышлақ-Өзен линиясымен түйістірді. Айтып отырғанымыздай, еуропалық нарыққа «әнебір көршісіз» дәліз ашылды. Ақерке Бектас әңгімелейді.   

Құрлықтарды жалғаған күретамыр немесе теңіздегі тоғыз жолдың торабы. Қарт Каспийдің шығысында жатқан Құрық портын сірә, қалай айтсақ та жарасады. Ол инфрақұрылымды еуропалық сауда айналымына қосқан дәліз. Мұны кезінде мәдениет пен өркениеттің бастауы болған Ұлы Жібек жолының инновациялық жаңғыруы десек те болар. Құрық порты «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы негізінде іске қосылды. Жылына 4 млн тоннаға дейін жүк тасымалдауға қауқарлы.

Бекнұр КИСИКОВ, ЭКОНОМИСТ:

Қазақстан үшін теміржол желісі өте маңызды, әрі бірінші орында. Өйткені біздің ел өте қолайлы географиялық-транзиттік аймақты қамтиды. Қазақстан арқылы көптеген жүк Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға тасымалданып жатыр. Сондықтан мұны стратегиялық жоба деп атауға толық негіз бар.

Шойын жолдың жаңа желісі жүк тасымалын қысқа жолмен, жылдам жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл транзитті жүк ағынын арттырып, теңіз арқылы экспорттық әлеуетті көтерді.

Бекнұр КИСИКОВ, ЭКОНОМИСТ:

Мәселен, «Боржақты - Ерсай» жобасын айтсақ, бұл ескі жолмен 80-90 км болды. Білесіздер, жүк үшін әрбір қашықтық – қосымша қаржы. Ал бүгінде 16 шарқырымдай. Бұл шығынды 5-6 есеге дейін азайтты.

Құрық порты жыл он екі ай екі бағытта жүк тиеп-жөнелте алады. Айлақтың бірінде паромдық кемеге тауар тасымалдайтын автокөліктер кіргізілсе, екіншісінде вагондар теміржолдан түсірілмей-ақ тікелей жүктеледі. Көліктік-логистикалық инфрақұрылым Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылынан 17 шақырым қашықта орналасқан. Порт пен ауылды сол, «Боржақты-Ерсай» теміржол желісі байланыстырады. Иен далаға жан бітірген ірі жобаның игілігін жергілікті халық та көріп отыр.

Бауыржан ОРЫНБАСАРОВ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

«Боржақты-Ерсай» теміржол желісі Құрық портын «Маңғышлақ – Өзен» желісіне жанасатын теміржолмен жалғады. Біз екі станция соқтық. Олар «Маңғышлақ – Өзен» магистраліндегі «Боржақты» және Құрықпен жалғайтын «Ерсай» станциясы. Портқа дейін 12 км құрайды. Бұдан бөлек, жобаны іске асыру аясында 250 жұмыс орны ашылып, қазір онда 30 адам тұрақты жұмыс істейді. Олар біздің теміржолшылар.

Иә, жұртшылыққа жұмыс, қазынаға қаражат. Құрық порты жергілікті бюджеттің бүйірін томпайтты. 2017 жылы 41 млн теңгеден аса түсім берді.

Сергей АНАШКИН, «KTZ EXPRESS» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Құрық порты – Транскаспий дәлізінің негізгі бөлігі. Өз кезегінде Түркия мен Жерорта теңізі арқылы Еуропа елдеріне шығуға мүмкіндік беретін логистикалық хаб. Сондай-ақ, жақында жобаның екінші бөлігі - автокөлік паромы іске қосылған болатын. Оның қуаттылығы жылына 2 миллион тоннаны құрайды.

Бауыржан ОРЫНБАСАРОВ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Сонымен қатар біз Ақтау-Құрық кентінің бойындағы автокөлік жол өткелін салдық, бұл сөз болып отырған теміржолды кесіп, кедергісіз өтуге мүмкіндік береді. Яғни халықаралық көлік дәлізіне қосылдық. Порт айдынына теміржол мен автожол магистральдары келіп кіреді. Тағы айта кететіні, бұл жерде автокөліктердің трафигі жоғары. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, барлығын бақылауда ұстаймыз.

Айта кетейік, былтыр теміржол паромының терминалы 1,5 млн тонна жүк тиеді. Портқа 320 кеме кірді. Биыл 15 216 вагон мен 306 автокөлікке қызмет көрсетілді. Құрық порты жылына 4 млн тоннаға дейін жүк тасымалдауға қауқарлы дедік, 2020 жылға қарай оны Ақтау теңіз сауда портын қоса алғанда 25 млн тоннаға дейін жеткізбек. Осылайша «Нұрлы жол» бағдарламасы бекер олай аталмағанын дәлелдеп бастады, себебі еуропалық нарыққа тікелей жол ашып берді.

Ақерке Бектас «Біздің уақыт»