Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда 128 үш ауысымды мектеп бар

  • AstanaTV
  • 12 қараша 2018
  • 4525

Үш ауысымды мектептер мәселесі қашан түбегейлі шешіледі? Бұл сауалға министрлік мамандары жауап бере алмады. Қазір елдегі 128 орта білім беретін мекеме балаларды үш ауысыммен оқытып жүр. Президент Жолауында мәселені шешу үшін 50 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Алматы облысындағы жоспар қандай? Олжас Нұржақып зерттеп көрді.  

Алматы облысының тұрғыны Толғанай Жеткербаева биыл тұңғышын өзі тұратын Қаскалең қаласындағы мектепке бірінші берген. Айтуынша, онда 1200 оқушы бар. Шамадан екі есе көп. Тіпті, кей сыныптарда бір партаға үш бала отыратын көрінеді.  

Толғанай ЖЕТКЕРБАЕВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бұл мектепте өте көп балалар оқиды. Біздің 1 «Б» сыныбында 30 бала оқиды. Үш ауысымда оқиды. Балалардың көптігі себепті мектебіміздің жанынан жаңадан мектеп салынып жатыр. Келесі жылы осы ғимарат бітеді деп жатыр. Сол кезде екі ауысым болады деген үміттеміз.

Ауданда 51 мектептің 11-і үш ауысымдық. Білім бөліміндегілер мұны көші-қонның жоғарылығымен байланыстырып отыр.  

Жарқын НҰРҒАЛЫМОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Егер, халық саны күрт өсе беретін болса, бұл процесс жылдан-жылға жалғаса беруі мүмкін. Биылғы жылдың өзінде 3 мектепке қосалқы жапсаржай құрылысы басталып, келесі оқу жылына берілейін деп отыр.

Үш ауысымнан бөлек, апатты мектептердің мәселесі тағы бар. Білім және ғылым министрлігі мәліметінше, орта мектептердің 50 пайызы 1980-ші жылдарға дейін салынған.  

Елде 7 мыңнан аса мектеп бар. Оның 128-і үш ауысымда, 31-і апаттық жағдайда жұмыс істеп тұр. Ал, жыл сайын Үкімет қолдауымен жүз мектеп құрылысы басталады. Бірақ, соған қарамастан проблеманың шешімі табылар емес. Бұл әсіресе Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы және Түркістан облыстарында айқын сезіледі.  

Дегенмен, Білім министрлігінің мамандары проблемаларды шешу үшін ұзақ уақыт қажет деп отыр.    

Ғалым АРЫНҒАЗИН, ҚР БҒМ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Елбасы Жолдауында бөлінсін деген 50 млрд теңге үш ауысымды және апатты мектептер проблемасын шешуге түрткі болатыны рас. Бірақ, жақын уақыттың ішінде аталған мәселені толығымен түбегейлі шешеді деп айта алмаймын. Бұған уақыт керек. Себебі, ірі қалаларда урбанизация қатты жүріп жатыр.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы орта білім беретін нысандарды, зияткерлік мектептердің деңгейіне жеткізуді де тапсырған болатын. Дегенмен, салаға жауаптылар бұл жүйеге көшіру жұмыстарының енді ғана қолға алынып жатқанынын айтты.   

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Дей тұрғанымен, Үкімет алдағы үш жыл ішінде 123 мектеп салуды жоспарлап отыр. Ол үшін 135 миллиард теңге қаржы да бөлген. Проблеманы жою үшін жеке кәсіпкерлерді тарту да көздеп отыр.

О. Нұржақып