Русский Сайттың толық нұсқасы

Күздің соңғы айы қыстың қаһарын сезіндірді

  • AstanaTV
  • 13 қараша 2018
  • 6966

Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай. Қыстың басы бірі ерте, бірі жай. Қарашада қыстың қаһары сезіле бастады. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысында үскірік аяз ырық берер емес. Термометр бағаны -30 гардусқа төмендеген. Сондай-ақ, Алматыда да ауа райы бұзылып тұр. Коммуналды қызмет тобы соңғы екі күнде қармен алысып әлек. Синоптиктер жағдайды қалай бағалап отыр? Әріптесім Олжас Нұржақыптың репортажы.   

Қарашаның қара суығы дейтін халық, биылғы аязды күнге амалсыз қамалғандай. Әсіресе Шығыс Қазақстандағы 4 аудан: Зырян, Аягөз, Көкпекті және Үржар мен Риддер қаласындағы термометр бағаны -34 градусқа дейін түскен. Мектептерде сабақ тоқтатылды. Құтқарушылар күннің күрт сууына орай, тұрғындарға үздіксіз хабарландырулар жіберіп отырғандарын айтады.    

Анастасия СКЛЯР, ШҚО ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Бірқатар азаматтар біздің хабарландыруымызға бей-жай қарайды. Аяз, үскірік, қара суық, алысқа шықпаңыздар десек те, жайылымдағы малын іздеп, не болмаса көрші ауылға қыдырып кетеді. Сосын көмек керек деген қоңыраулар соғылады. Бірнеше күн ішінде мұндай жағдайлар тіркелді. Абырой болғанда байланысты үзбей, аман-есен медициналық қызмет көмегінсіз құтқарылды.

Бірнеше күн тұрақтаған үскірік өңірдегі республикалық тас жолдардың да уақытша жабылуына соқтырып отыр. Бірақ, бұған құлақ асып жатқандары аз. Сол себепті күн сайын құтқарушылар ауыл тұрғындарын іздеуге шығуды әдетке айналдырған. Алматылықтар алғашқы қармен күресіп жатыр. Бір жарым тәулік бойы толассыз жауған ақ ұлпадан көлік кептелді. Автобустар кешігіп, жолаушылар сағаттап күтуге мәжбүр болған.   

Қар жаууына байланысты пробка көбейіп кетті. Таң атқаннан кешке дейін пробка болып жатады. Бұрын таңертең сәл басылатын, қазір күндізде сол пробка.  

Өте көп ДТП. Өйткені, көбісі жазғы резиналарымен жүр. Әлі ауыстырып үлгермегендер бар. Сол себептен көп ДТП болып жатыр.

Автобустарды жиі күтіп жатырмыз. Тез жүрмей жатыр. Пробка болып тұр. Аялдамада ұзақ тұрып жатырмыз. Екі күннен бері көп тосып тоңып қалдық аялдамада.

Ал, қалалық әкімдік қар 10 сантиметрге дейін түсті дейді. Коммуналдық қызмет екі ауысымдық жұмыс тәртібіне көшкен.   

Айжан КЕНЖЕБЕКОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Қаладан 7563 текше метр қар шығарылды қазіргі таңда. Және де 5400 тонна мұз еріткіш қоспа себілді. Қазіргі таңда қалада 860 арнайы техника жұмылдырылды. 2860 жұмысшы қатысуда.

Дейтұрғанымен, бір жарым күндік ақ ұлпа әлі толық тазаланып бітпеді. Жұмысшылар қазіргі таңда жаяу жүргіншілер жолдарын, көлік тұрақтары мен қоғамдық көлік аялдамаларын тазалап жатыр.  

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Синоптиктер болса күн райының бұлайша күрт сууы Алматыға жат емес деп отыр. Алайда, аптаның аяғына дейін термометр бағаны плюске айналады деп болжайды.

О. Нұржақып