Русский Сайттың толық нұсқасы

Ел жастарының тең жартысы әртүрлі қоғамдық ұйымның белсенді мүшесі

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2018
  • 4916

Ел жастарының тең жартысы әртүрлі қоғамдық ұйымның белсенді мүшесі. Бұл жайында сол мекемелерді қол астына біріктірген Қазақстан Жастары Конгресінің директоры Тоқтар Болысов хабарлады. Бұл ұйым 16 мен 29 жас аралығындағы белсенділердің әлеуметке тиімді ұсыныстарын қолдап, оларды жүзеге асыруға көмектеседі. Ал, Президент алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялағандықтан, конгресс мүшелері бұл ретте өздеріне барынша қолдау көрсетілетініне сенімді.  

Қазақстан Жастар Конгресінің қол астына кірген ең ірі ұйым-«Жасыл ел». Оның мүшелері облыс орталықтары тұрмақ, әрбір ауыл-аймақтарда бар. Ала жаз бойы орманды алқаптарды тазалап, елдің экологиялық түйткілдерін шешуге көмектесетін студенттерден бөлек, Конгресс құрамына аттары елге белгілі бірқатар ұйым да мүше болыпты. 

Тоқтар БОЛЫСОВ, ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫ КОНГРЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:  

Біздің ұйымымыздың ең ірісі-ол «Жасыл ел», «Жайдарман» КВН одағы және «Болашақ» түлектерінің ассоцияциясы. Барлық ұйымдарда 40 мыңнан бастап бір жарым миллионға дейін адам бар. Нақты санын айта алмаймыз. Өйткені, біз жастарды емес, жастар ұйымын біріктіреміз. Бүгін бізде 12 ұйым бар, олардың бәрі біздің ассоцияциямыздың мүшелері.

Конгресс мүшелерінің айтуынша, Қазақстан жастары өте белсенді. Олардан түсетін түрлі талап-тілектерді былай қойғанда, инновациялық ұсыныстардың өзі бір төбе екен. Солардың арасынан елге пайда әкелетін жобаларды таңдап алып, оны жүзеге асыруға көмектесу-Конгресс басшылығының басты мақсаты. Әсіресе, сұранысқа ие кәсіптердің бірі саналатын-тілшілікті меңгеруге қатысты жобаларға қызығушылық жоғары,-дейді жастар.    

Азамат ДАНИЯР, ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫ КОНГРЕСІНІҢ АППАРАТ ЖЕТЕКШІСІ:  

Осы жобаның аясында 700-ден астам жас журналист осы бағдарламадан өтті десек болады. Бұл жоба 4 өңірде жүзеге асты. Келесі жылы өзге жастардың сұрауы бойынша сол өңірлерде жүзеге асыру жоспарымыз бар. Жобаның басты мақсаты-журналистика саласына қызығатын жастарды оқытып, оларды болашақта журналистер қатарына қосу болып саналады.

Жастар Конгресінің ауыз толтырып айтарлық тағы бір жобасы «7 жалын» деп аталады. Ел бойынша ең беделді де, белсенді 7 жасты 150 адамның арасынан таңдап алу оңай шаруа болмаған сыңайлы.   

Ерғазы ӘЗІМХАНҰЛЫ, ЖАСТАРДЫ ДАМЫТУ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

Қоғамдық даму және Ақпарат Министрлігімен бірлесіп, 7 жалынды жасты іздеген болатынбыз. Комиссия отырысы өтті. Комиссия құрамында елге танымал Бақтияр Артаев, Досымжан Таңатаров сынды адамдар кірді. Сол жеті жалынды анықтаған болатын. Сөйтіп біз жастардың бәрін қамтуға тырысамыз, республика бойынша.

Таңдалып алынған 7 жалынды жас болашақта ел бойынша жүзеге асырылып жатқан «100 жаңа есім» жобасына кіретін болады. Жастар конгресі алдағы жылы да 30- ға жуық ірі жобаны жүзеге асыруға құлшынып отыр. Бұл ретте олар Президент сөздерінен кейін ересектер тарапынан барынша қолдау боларына сенімді.   

Г. Тасболатқызы