Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысының тұрғындары кәсіпорыннан сүт ақысын ала алмай отыр

  • AstanaTV
  • 16 қараша 2018
  • 3281

Ақтөбе облысының ауыл тұрғындары үш айдан бері сүт ақысын ала алмай отыр. Жергілікті халықтың айтуынша, «Ұлттық экоөнім» компаниясының қарызы миллион теңгеден асып кеткен. Малмен күн көріп отырған ауыл тұрғындары жергілікті биліктен де қайыр болмай отырғанына наразы. Тараптарды тыңдап қайтқан Бақыт Рахметова жалғастырады.  

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Қарасайтау ауылында төрт жүзден астам тұрғын бар. Олардың дені сиыр сүтін сатып, күн көріп отыр. Олар сүт тапсырып отырған мекеме тамыз айынан бастап ақы төлеуді тоқтатты деп отыр.

Ауыл тұрғындары сиыр сүтін жергілікті «Ұлттық экоөнім» серіктестігіне тапсыруды былтырдан бастаған. Мекеме Мартөк ауданындағы бірнеше елдімекен тұрғындарынан да сүт алады. Арнайы келісім-шарт та жасалған. Халық күн сайын шамамен 40 литр сүт өткізіп келген. Ал, серіктестік айына екі рет ақысын төлеуді міндетіне алған. Алайда, тамыздан бастап ақша төлеуді қойған көрінеді.   

Лидия ПРОХОРОВА, ҚАРАТАУСАЙ АУЫЛЫ ТҰРҒЫНЫ: 

Мен литірін 85 тенгеден 524 литр сүтті тапсырдым. Қазір тек менің өзіме 44 мың 583 теңге берешек. Тек біз ғана емес, көрші Каминтерн, Жуса, Казанка ауылдарының тұрғындарынан да сүт алып, олардың да ақшасын бермеген.

Сафура ОРАЗОВА, ҚАРАТАУСАЙ АУЫЛЫ ТҰРҒЫНЫ: 

Ауылда жұмыс жоқ. Халық осы малдың арқасында күн көреді. Тіпті, 1 қыркүйекке балаларын сол сүттің ақшасына киіндіреді. Телефонды, жарықты барлығын сол сүттің ақшасымен төлейміз. Басқа табыс жоқ.

Сүтті өндіріп отырған кәсіпорын қазір жұмыс істеп тұр. Бірақ, жекенің иелігінде болған соң, оның табалдырығын аттап басу бізге де бұйырмады. Тек телефон арқылы қысқа қайырғаны мынау болды: 

Алима КУЖЕЕВА, «ҰЛТТЫҚ ЭКОӨНІМ» АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Ақша жоқ, өйткені бізге төлемей жатыр. Сондықтан, біз тұрғындарға төлей алмай жатырмыз. Ақша түскен бойда толықтай барлық қарыздан құтыламыз.

Тұрғындардың айтуынша, сүт мекемесінің әр отбасыға қарызы қырық мың мен жетпіс мың теңге аралығында. Ал, жалпы қарызы 1 миллион теңгеден асып кетті,-деп отыр. Мәселеге әкімдік араласқан.    

Нұргүл ОСПАНОВА, ҚАРАШАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: 

Аудан әкімдігімен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Осы мәселені шешуге тырысамыз. Келесі аптада осы фирманың адамдары барлық қарыздарды төлеп тастаймыз деген уәде берді.

Әкімдіктегілер бұл мекемеге өздері де сенімсіздік танытып отыр. Келесі жылы сүт тапсыруға басқа шаруашылық іздемек.   

Она даже акима района обманула. Писменное соглашение дала, что до 6 ноября рассчитаюсь и не рассчиталась.  

Ал, амалдары таусылған ауыл халқы компанияның үстінен полицияға арызданбақшы.  

Б. Рахметова