Русский Сайттың толық нұсқасы

Жекешелендірудің екінші толқыны басталғалы 315 нысан сатылған, әлі 200-і «өтпей» тұр

  • AstanaTV
  • 10 қазан 2016
  • 2737

Жекешелендірудің екінші толқыны басталғалы бері 315 нысан сатылған, одан мемлекетке 86 млрд теңге түсті. Әлі сатылмай тұрған 200 нысан бар. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Айтуынша, олардың «өтпей» тұруының өзіндік себептері бар. Ең басты себеп жекешелендіруге ұсынылған объектілер тізімінде ешкімнің қызығушылығын тудыра қоймайтын, тартымдылығы төмен нысандар өріп жүрген көрінеді. Үкімет басшысы бұл төңіректе белгілі бір жүйелі жұмыстың жоқтығын сынға алды. Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмаларына салғырт қарайтын министрлердің барын айтты.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

9 қыркүйекте Мемлекет басшысы түгендеу жүргізуді тапсырған. Осыған орай Қаржы және Ұлттық экономика министрлерімен сөйлескенімде, олардың бұл мәселеге тіпті кіріспегенін білдім. Жыл соңына дейін жұмыс тобын құруды жоспарлапты. Сіздер ертең мұның сұрауы болатынын білесіздер, сонда не деп жауап береміз?  Қаржы және Ұлттық экономика министрлері Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты нашар ұйымдастырған. 

Жиында мүлікті жария ету науқанының барысы да сөз болды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бүгінде Қазақстанның 12 азаматы қаржысын шет елдегі банктерде сақтап заңдастырмай отырған көрінеді. Олардың қаражаты 52 түрлі валютада сақтаулы. Жалпы алғанда шетелдегі мүлікті жария ету құны 7 млрд теңгені құраған.

Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қашағанды іске қосу жоспарының ойдағыдай жүріп жатқанын айтты. Бірақ мұнай өндіру көлеміне қатысты қандай да бір болжам кен орны іске қосылған соң жасалады деп отыр.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА