Русский Сайттың толық нұсқасы

ҚР Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа қамауға алынды

  • AstanaTV
  • 19 қараша 2018
  • 2564

Еліміздің Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа қамауға алынды. Бұл жайында Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Вице-министрдің темір торға тоғытылғанын бүгін Үкімет сағатына келген оның басшысы Қанат Бозымбаев та растады. Министрдің айтуынша, ол өткен аптада ғана қызметінен өз еркімен кету туралы арыз жазған екен. Енді міне, арнайы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты вице-министрді екі айға қамау туралы шешім шығарған.   

Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:  

Оның жұмыстан кету туралы арызына мен қол қойдым және бұл жайында Премьер-министрдің канцеляриясына өтініш жібердім. Оны жұмыстан босату бір күнде шешілетін мәселе емес. Орынбасарымның қамауға алынғандығын білемін.   

Естеріңізге салсақ, Анатолий Шкарупаның 2015 жылы Саран қаласының әкімі болған кездегі қаржылық былығын еліміздің бас прокуроры Қайрат Қожамжаров Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында баяндаған еді. Бірақ, бұған дейін Шкарупа 215 миллион теңгеге сатып алынған жылу есептегіш қондырғыларға қатысты істе куәгер ретінде тергелген еді. Алайда, сот оны енді күдікті деп тауып, вице-министрді 2019 жылдың 16 қаңтарына дейін қамауға алған.  

Г. Тасболатқызы