Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа жылдан ең арзан темекінің құны 300 теңгені құрайды

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2016
  • 10477

Келер аптадан бастап бір қорап темекінің бағасы 270 теңгені құрайды. Ал жаңа жылдан бастап 300 теңгеден кем болмайды. Бұл туралы Үкіметтің қаулысы шықты. Қазір мың тал темекінің акцизі бес мың теңге тұрса, болашақта ол сегіз мыңға дейін өседі. Алайда бұл қадамдар темекіқұмарларды тәуелділіктен арылта ала ма? Азамат Алдоңғаров зерттеп көрді.

Оралдық Руслан Қали - 40 жылдан бері жаман әдеттен арыла алмай жүргендердің бірі. Күніне жиырма тал темекі тартатын жігіттің  қалтасын ай сайын он мың теңгеге жұқартады.

Руслан Қали, Орал қаласының тұрғыны:

Арзанына көшеміз, түрін, сортын таңдайтын боламыз. Жалпы біздер темекі тартатын адамдар темекіні бірдеп тастап кете алмаймыз.  

Үкіметтегілер дағды боп жабысқан дерттен «ең төменгі бөлшек бағаны» қымбаттату арқылы емдемек. Бұл әлемдік тәжірибе деседі. Оған сәйкес қазір ең арзан темекі құны дүкен сөрелерінде 240 теңге болса, жаңа жылдан жаңа баға күтеді, темекіқұмарды. Алайда «бұл қадам бізді табыстан қаға қоймас» дейді тәжірибелі саудагерлер.

Мақпал Төлтаева, дүкен сатушысы:

Тартып жүрген темекісін, қымбат болсын, арзан болсын, алады ғой, қандай бағада болсын.

Бизнестің мұртын балта шаппайды бір сөзбен. Қорлықтың бәрін темекіқұмар көргелі тұр. Қор болып жүргендердің статистикалық санына тоқталатын болсақ, ересек қазақстандықтардың 22 пайыздан астамы түтінге құмар көрінеді.

Анар Қалиева, Қостанай облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының қызметкері:

Статистикалық мәлімет  бойынша, өлімге әкеліп соғатын жағдайлардың 84 пайызы  осы темекі себеп болады екен. Өйткені  науқастардың көбі  созылмалы, жұқпалы емес дерттерге шалдығады. Яғни бұл аурулардың  артериялық қысымның артуымен байланысты. Ал артериялық қысымның көтерілуіне көк түтіннің тікелей қатысы бар.

Тәжірибелі кардиолог дәрігер де өнімді қымбаттау проблеманың шешімі боларына сенбейді. Күдігінің дәлелі ретінде кезінде кеңестік кезеңде алкогольге енгізілген тыйымды еске алады. Ол жылы сурогат ішімдікті ішіп адамдар мыңдап қырылған дейді.

Гаухар Ткаченко, кардиолог дәрігер:

Ең сорақысы, темекіге құмарлардың қатарын жастар толтырып отыр. Бұл өте өкінішті. Ал темекі өнімдеріне бағаны көтеру, шынын айтсақ, проблеманы шешпейді.

2015 жылы темекі акциздері, темекі шегушілер деп түсініңіздер, бюджетке 98 млрд теңгеден астам табыс әкеліпті. Бүгінгі күрделі экономикалық жағдайда халықтың жаман әдеті - мемлекетке жақсы табыс.

Мұрат Жұманбай, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

Бюджеттің пайда жағын толтыру мақсатында ұсақ сауда бағасын орнату маңызды болып табылады. Себебі бюджетке келетін салықтың тиісті деңгейде түсуін қамтамасыз етеді.

Темекіқұмардың үкіметіне өкпе айтуына да морльдік құқығы жоқ. Арзан баға кезінде түрлі әлеуметтік роликтер таратты, темекі қорабының сыртына жан түршігерлік суреттер де салды. Темекі өлімге алып келеді деген ескертпені елемеген азаматтардың нәпсісі - енді бизнестің тәп-тәуір табысы.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ, Заңғар САНАЙ, Ерлан КАРИН